Аграрлық салаға көрсетілген мемлекеттік қолдау мен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде Келес ауданында мал шаруашылығы тұрақты дамып келеді. Аудан ірі қара мал шаруашылығы бойынша аймақта алдыңғы қатарда тұр. Ет экспортын арттыруда да Келес ауданы кәсіпкерлерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады.
Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық көлемін ұлғайтуда өңірде бордақылау алаңдары мен кешендерін жүйелі дамыту оң септігін тигізіп отыр. Келес ауданындағы ірі мал бордақылау кешендерінің бірі – Бозай ауылдық округінде орналасқан «Әбдімәлік» шаруа қожалығы.
Қазіргі таңда бұл қожалықта 5300 бас қалмақ сиыры бар. Оның 3800-і – ұрғашы, 1500-і – аталық мал.
«Әбдімәлік» шаруа қожалығы асыл тұқымды қалмақ сиырларын жерсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Қожалықта заманауи мал бордақылау алаңы, мал сою мен етті өңдеп, экспортқа шығаруға арналған кешендер салынған.
Шаруа қожалық жылына шамамен 500 тонна етті экспортқа шығарады. Кәсіпкер алдағы уақытта оның көлемін 1 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. Жалпы қалмақ сиыры шөл және шөлейт климатқа бейімделген, төзімділігі жоғары, өнімділігі мол тұқым. Жергілікті ірі қарамен салыстырғанда қалмақ сиыры су мен азықты үш есеге аз тұтынады.
Сондай-ақ, шаруа жыл сайын Құрбан айт мейрамында 100 бас қойды құрбандыққа шалып, ауылдастарына таратады.
Қожалық тек ірі қарамен ғана шектелмейді. Мұнда 3000-ға жуық қой мен 300-ге тарта жылқы да өсірілуде. Осылайша «Әбдімәлік» шаруа қожалығы мал шаруашылығының үш негізгі бағытын – ірі қара, қой және жылқы шаруашылығын қатар дамытып отыр.
Айта кетейік, агроөнеркәсіптік кешеннің өңделген өнімін экспорттау – Қазақстан экономикасының басым міндеттерінің бірі. Бәсекелестікке қабілеттілігін жоғарылатуға және экспорттық нарыққа шығуға нақты жоспары бар осындай жобалар бүгінде мемлекеттік қолдауға ие болып отыр.