26/11/2024

Адамдарды азаптаған күштік құрылым өкілдеріне жаңа жаза түрлері енгізілмек

Адамдарды азаптаған күштік құрылым өкілдеріне жаңа жаза түрлері енгізіледі. Олар енді темір тордан мерзімінен бұрын босап шығу құқығынан да айрылады. Жазасын өтеп шыққан соң бұрынғыдай квазимемлекеттік секторға, ұлттық компанияларға жұмысқа орналаса алмай қалады.

Мемлекет басшысы Бас прокурорға азаптаулар мен қатыгездікті түп-тамырымен жоюды жүктеп, тергеудегі және тұтқындағы адамдарға адамгершілікке қарсы жауап алу тәсілдерін қолдану үшін жазаны күшейту ұсыныстарын әзірлеуді тапсырды. Осыған орай Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне түзетулер енгізілмек.

Бүгінде  ұсыныстар дайын. Тиісті заң жобасы жаңа қалыптастырылатын Мәжіліске енгізіледі. Оның елеулі жаңалықтарына тоқтала кеткен жөн.

«Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне ұсынылып отырған түзетулердің бұл блогы азаптау үшін жауапкершілікті күшейтуді қарастырады. Сонымен қатар азаптауға қатысты сотталғандарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынады. Сондай-ақ олардың жазасын жұмсақ түріне ауыстыруды да болдырмайды. Бұдан басқа, мұндай адамдарға босап шыққаннан кейін мемлекеттік қызметке тұруға да, квазимемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеуіне де өмір бойы тыйым салу көзделген. Бұл өзгерістер азаптауды жою бойынша жүйелі жұмыстың кезекті кезеңіне айналады», – деп түсіндірді Әділет министрлігі.

Жаңа заң өмірге жолдама алса, онда адам азаптағаны үшін сотталғандар жазасын өтесе де, өле-өлгенше мемлекеттік қызметке, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, Ұлттық банкке, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органдарға, мемлекеттік ұйымдарға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қызметке тұра алмайды, ешқашан судья бола алмайды.

Мұндай қылмыскерлердің мерзімінен бұрын, шартты түрде босап шығуына тыйым салынады. Әділет министрлігінің және прокуратураның ұстанымынша, осындай қатаң шаралардың профилактикалық, тәрбиелік маңызы болады: қандай да бір тергеуші күдіктіні ұрып-соғып, азаптамас бұрын соған барса, қалған ғұмырын бүлдіріп, сүйегіне өшпес дақ түсіретінін түсінуі қажет.

 

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар