Өзінің меншікті бизнесін ашу туралы көп адамдар армандайды. Алайда, кез келген бизнес жан-жақты дайындықты талап етеді. Арманыңызды жүзеге асыру үшін барлық тәуекелдерді, жұмсалатын еңбекті және уақыттық ресурсты бағалау, сондай-ақ барлық міндетті шығындары есептеу қажет. Дегенмен де, өз ісіңізді ашуға бел бусаңыз неден бастау қажет? Fingramota.kz-тен ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған қадамдық нұсқаулық.
1-қадам. Бағытыңызды анықтап алыңыз
Ең алдымен қандай іс сіздің қызығушылығыңыз тудыратынын және қандай істі жақсы білетініңіз жөнінде ойлаңыз – осылайша сіз жаңа идеялар қоса аласыз және ықтимал қателердің алдын аласыз. Сондай-ақ, өзіңізді және өз уақытыңызды арнағыңыз келіп отырған бизнес сізге ұнауға тиіс, бұл өз ісіңіздің пайдасына таңдау жасаудың бірден бір себебі.
Нарыққа толық мониторинг жүргізіңіз, сіздің әлеуетті клиенттеріңізді қандай тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер қызықтыратынын, бәсекелестеріңіз не ұсынатынын және олардан өзіңіздің артықшылығыңызды талдаңыз. Есіңізде болсын, тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер құнының нарықта ең төмен болуы — жалғыз артықшылық болмауға тиіс, ұсынатын өнімнің немесе қызметтердің сапасы жөнінде ұмытпаңыз.
2-қадам. Бизнес – жоспар жасаңыз
Егжей-тегжейлі бизнес-жоспар құрыңыз, онда сіз көрсететін қызметтер немесе өндіретін/сататын тауарлар, бастапқы капитал көрсетілуге, көрсетілетін қызметтер немесе өнімдер нарығының талдауы болуға тиіс. Сіз көрсететін қызметтер немесе өндіретін тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі, артықшылығы неде, оны сату арналары қандай, алдағы уақыттағы шығындар және т. б. анықтап алыңыз.
Егер сіз бизнесті жаңадан бастаған болсаңыз, сізге арнайы үй-жай қажет болғанша үйден жұмыс істеуді қарастырыңыз. Осылайша, сіз үй-жай, жиһаз, көлік және т.б. жалдау ақысын үнемдейсіз.
3-қадам. Бастапқы капитал табыңыз
Бизнесті алғаш ашқан кезде кредит алмауға, оның орнына қарызға ақша алып, аз да болса, бизнесті өз ақшаңызбен бастауға тырысыңыз. Кез келген бизнесті бастағанда тәуекелге барасыз, егер бастаған ісіңіз сіз ойлағандай болмаса, оны тоқтатқаныңыз жөн, себебі кредиттік міндеттемелерді айлап, тіпті жылдар бойы төлеуге тура келеді.
Алайда, егер бизнесіңізді бастауға шешім қабылдасаңыз, онда шағын бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларды (гранттар, конкурстар, жеңілдіктер және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік субсидияларды), әлеуетті инвесторларды тарту мүмкіндігін немесе краудфандингті (ұжымдық қаржыландыру) қарастырыңыз. Соңғы екі нұсқада келешекте орын алуы мүмкін түсініспеушілікті болдырмау үшін бизнесіңізге инвесторлардың/краудфандингтердің үлесін бірден анықтап алу қажет.
4-қадам. Бизнесіңізді тіркеңіз
Шағын бизнесіңізді ашу үшін дара кәсіпкер (ДК) ретінде тіркелу жеткілікті. Бұл мәртебе ісін жаңа бастағандарға қолайлы, себебі оны тіркеу де, қажет болса тарату да оңай. ДК мәртебесі өз ісімен заңды түрде айналысуға және салықтарды адал есептеу және төлегенде одан пайда алуға құқық береді.
ДК тіркеу қызметі толығымен автоматтандырылған, сіз elicense.kz порталы арқылы онлайн өтінім бересіз, лицензиарды, яғни бекітілетін салық органын таңдап, ДК атауын, мекенжайын, қызмет түрін (ЭҚЖЖ) туралы мәліметтерді көрсете отырып, өтінішті толтырыңыз және салық салу режимдерінің бірін таңдаңыз.
5-қадам. Бизнесіңізді алға жылжытыңыз
Сіздің идеяңыз іс жүзінде өзін көрсетті, Сіз бірінші пайда таптыңыз, тауарларды жеткізуге немесе қызмет көрсетуге тиімді шарттар жасадыңыз, бизнесіңізді белсенді түрде дамытып, жетілдіретін кез келді. Клиенттерді көбірек тарту үшін бизнесті сауатты жылжыту қажет. Контингентке назар аударыңыз – сіздің өніміңіз кімге арналғанын талдаңыз және олардың негізінде жарнама стратегиясын дайындаңыз; бастау үшін танымал сайттар, көрнекі жарнамалар арқылы онлайн сатылымдарды бастаңыз, содан кейін өз брендіңізді веб-сайтыңызда және әлеуметтік желілерде алға жылжытыңыз. Жарнамалық науқандарды іске қосу жаңа сатып алушыларды тарту және сіздің клиенттік базаңызды құру үшін өте маңызды.
6-қадам. Бизнесті сақтандыру арқылы қорғаңыз
Тауарды тасымалдау кезінде ешкім де оның ұрлануы, бүлінуі, өрт және тағы басқалары сияқты төтенше жағдайлардың қашан болатынын білмейді. Сіз бизнесіңізді сақтандыру арқылы күтпеген жағдайларда орын алатын тәуекелдерді азайта аласыз. Бүгінгі күні сақтандыру компаниялары нақты бизнестің ерекшелігіне қарай бөлінген сақтандыру өнімдерінің сан алуан түрін ұсынады. Өзіңізге жауапкершілікті сақтандыру сияқты оңтайлы жолды таңдаңыз.
Сақтандыру ұйымының лицензиясының бар-жоғын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мынадай: https://www.gov.kz сайтының/«Қызмет» бөлімі – «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» – «Сақтандыру секторында» тексеруге болады.
7-қадам. Бизнесті дамытыңыз
Мұнымен тоқтамаңыз. Сіздің жобаңыз сәтті болып, айналымдағы қаражат көбейе түсті, анағұрлым ірі аренаға шығу туралы ойлануға уақыт келді. Мысалы, сіз әйелдерге арналған киімдер сатасыз, неге әйелдерге арналған қосымша түр жиынтықтарын немесе балаларға арналған өнімдерді сатылымға қоспасқа. Немесе сіз консалтингтік қызмет көрсету саласында жұмыс жасайсыз, онда осы салада көрсетілетін қызметтер тізімін кеңейтіңіз.
Көптеген жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін өзінің ақша қаражатына тиімді тәсіл — бұл өркендеген бизнеске апаратын жол. Бизнесіңізді тиімді пайдалану үшін осы кеңестерді пайдаланыңыз.
Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығызды арттырыңыз!