26/11/2024

«Білім-инновация» лицейлерінің көшбасшыларымен кездесті

ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат аймағамбетов «Білім-инновация» лицейлерінің өзін-өзі басқару ұйымдарының 40 көшбасшысымен кездесті. Бейресми форматтағы кездесуде балалар түрлі сұрақтарын қоя алды. Сондай-ақ бірге шай ішіп, еркін әңгімелесті.
«Балалардың белсенділігі мен қызығушылығы ерекше қуантты. Сондықтан олардың сұрақтарына қуана-қуана жауап бердім. Балаларды мектептегі үштілді оқыту және тілдерді кезең-кезеңімен үйрену, академиялық дербестік, дебаттар өткізу, мектептің өзін-өзі басқаруын дамыту, мектептерде құндылықтарды сіңіру және т.б тақырыптар қызықтырды» деді министр өзінің Фейсбуктегі парақшасында.
Кездесу барысында жергілікті өзін-өзі басқару көшбасшылары музыкаға, кітаптарға деген қызығушылықтары туралы, балалар арасында осы бағыттардағы негізгі трендтер туралы айтты.
Мектептегі өзін-өзі басқару институты балалардың мектептен бастап құқықтық және саяси мәдениетін арттыру, қосымша машықтарды үйрету және азаматтық белсенділігін дамыту мақсатында құрылған.
Бұған дейін білім беру ұйымдары мектептің өзін-өзі басқаруын жүзеге асыратын арнайы әдістемелік нұсқау әзірлеген болатын. Осылайша балаларға мектептің қоғамдық өміріне қатысуға, бастама көтеруге, ұсыныстар жасауға, сыныптастарының мүдделерін білдіруге және мектеп әкімшілігімен бірлесе отырып, бар мәселелерді шешуге мүмкіндік беріледі.
«Әріптестерім де балалардың мектептегі өзін-өзі басқаруға қатысуға қызығушылығын қолдайтынына сенімдімін. Ал біз бұл жобаны сандық және географиялық тұрғыдан кеңейтуді жалғастыра береміз.
Сондай-ақ өзін-өзі басқару көшбасшыларымен дәстүрлі кездесуді жалғастыра бермекпіз» деген министр өз жазбасында.
Narkesken.kz

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар