26/11/2024

БІР МЕЗЕТТЕ 12 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ МІНӘЖӘТ ЕТЕ АЛАТЫН МЕШІТ АШЫЛДЫ

Шаһарда жаңадан бой көтерген Сейітжан қари Есжанұлы атындағы үлкен мешіттің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, дін ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары қатысты. Сонымен қатар, зәулім мешіттің ашылу рәсіміне Меккеден шейх Осман Тоhа да арнайы келген.

Жаңа мешіт Шымкент қаласының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан. Бір мезетте 12 мыңға жуық адам мінәжәт ете алатын мешіт ұлттық нақышпен үйлестіріле классикалық ислам стилінде безендірілген.

Қала әкімі көпшілікке Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізіп, еңселі мешіт асыл дініміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосатынын атап өтті. Ғабит Әбдімәжитұлы қасиетті Құранды қолымен жазған шейх Осман Тоhаға сый-сыяпат жасады.

Сондай-ақ, жиында ҚР Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев, Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков ізгі тілектерін айтты. Іс-шара соңында Бас мүфти жамағатқа уағыз айтып, жұма намазын өткізді.

Айта кетсек, мешіт кешенінде ислам тарихының мұражайы, әйелдерге арналған оқу орны, медресе, кітап оқитын залы бар кітапханалар орналасқан. Сонымен қатар әкімшілік бөлмелер, телеорталық, фитнес орталық пен  асхана да қарастырылған. 736 орынға арналған жерасты паркингі де жұмыс істеп тұр. Көгалдандырудың жалпы аумағы — 4 гектар.

 

NARKESKEN.KZ

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар