Қазақстанда заң бойынша банктер салымшының бірінші талабы бойынша салымды немесе оның бір бөлігін беруге міндетті. Бұл банктік салым шартында көрсетілген мерзімнен бұрын болуы мүмкін. Мұның өзіндік бір қыр-сыры бар. Fingramota.kz сайты осы мәселені кеңінен түсіндіреді.
Салымшының қалауы бойынша банк салымды мерзімінен бұрын қайтаруды жүзеге асыра алады, алайда оның түріне байланысты ақшаны беру мерзімі әр түрлі болуы мүмкін. Мәселен, мерзімді және мерзімсіз салым бойынша – күнтізбелік 7 күннен кешіктірмей, жинақ салымы бойынша – салымшының талабы түскен сәттен бастап күнтізбелік 30 күннен ерте емес.
Салымнан ақшаны мерзімінен бұрын алудың екі жолы бар:
1) ішінара, төмендетілмейтін қалдыққа дейін;
2) шартты толығымен, мерзімінен бұрын бұзуға құқылы.
Жинақ салымы бойынша ішінара алу көзделмеген. Салымшы Шартты бұза отырып, оны мерзімінен бұрын толық қайтаруға ғана құқылы. Бұл жағдайда жинақталған сыйақының барлығы дерлік жоғалады, ол талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді.
Мерзімді салымдар бойынша ішінара алу төмендетілмейтін қалдыққа дейін жүзеге асырылуы мүмкін. Егер салымшы өз жинақтарын толығымен алғысы келсе, онда ол банктік салым шартын мерзімінен бұрын бұзуы тиіс. Екі жағдайда да салымшы жинақталған сыйақының едәуір бөлігін жоғалтады.
Мерзімсіз депозиттер бойынша салымды төмендетілмейтін қалдыққа дейін ішінара алып қою, әдетте, салымшы үшін ешқандай шығын келтірмейді. Алайда, егер салымшы өз салымын толығымен алуға және банктік салым шартын мерзімінен бұрын бұзуға шешім қабылдаса, онда бұл жағдайда ол жинақталған сыйақының едәуір бөлігін жоғалтуы мүмкін. Осылайша, мерзімсіз салымнан ақшаны ішінара мерзімінен бұрын алу және мерзімсіз салым шартын мерзімінен бұрын бұзу – бұл екі түрлі нәрсе екенін есте ұстаған жөн.