26/11/2024

«ЖАСЫЛ ЕЛ»: ЖАСТАРДЫ ЕҢБЕККЕ БАУЛИДЫ

Шымкентте «Жасыл ел» еңбек жасақтарының биылғы маусымында 1300 жас жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Еңбек жасағына өтінім қабылдау мамыр айынан баcталып, ерікті жастардан топ құрылған. Жобаға 16-34 жас аралығындағы жұмыссыз жастар қатыса алады. Еңбек сарбаздарына арнайы киім үлгісі және қажетті құрал-жабдықтар беріледі. Айта кетейік, жастардың жұмыс тобы 5 ауданға бөлініп, күніне 4 сағаттан тиімді, пайдалы жұмыстар атқарады.

Жоба Шымкент қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өтуде. Жастар құжаттар мен өтінімді «Жасыл ел» штабында аудан бойынша жауапты ретінде бекітілген арнайы қызметкерге тапсырады. Орын саны шектеулі.

«Жасыл ел» еңбек жасағы 2005 жылы құрылып, еліміздің барлық аймағында бөлімшелері ашылды.  Аталмыш бағдарлама көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. Сондай-ақ, жастарға жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды. Осы орайда Шымкентте де еңбек жасақтарында еңбек етіп жүрген жастар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл қаладағы жұмыссыз жастар санының азаюына да ықпал етіп отыр.

NARKESKEN.KZ

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар