Жылу беру маусымы — әр әкімнің қарым-қабілеті сынға түсер сәт. Барлық аудан, қала әкімдері мен жауапты басшылардың басын қосқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сын сағатында сүрінген барлық басшыларды қатаң сынға алды. Оған жол бергендерге қызметтік тексеру жүргізіліп, шара қаралады.
– Жылыту маусымына 100% дайын деп ақпарат берген едіңіздер, өкінішке орай шындыққа жанаспайды. Ал, жұмыс өз деңгейінде жүргізілмегіндігі анықталып отыр. Аудан, қалаларға көмір жеткізу толық шешілмеген. Тұрғындар, жылыжай иелері көмір тапшылығына және бағасына наразылық білдіруде. Қажетті көмір көлеміне орай басқармалар мен аудандардан жинақталған мәліметтер де дұрыс болмай шықты.
Табиғи газ құбырғылары бойынша проблемалар туындауда. Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында газ құбырлар қатып қалып жатыр. Ауыз су құбырлары істен шығып, осы аптада 5 мыңға жуық абонент сусыз қалды. Арыс қаласының бірқатар тұрғындары жылу беру сапасына наразы. Кентау қаласындағы жылу орталығының екі қазандығы істен шықты.
Жылу беру маусымында орын алып жатқан осы жайттарға байланысты барлық қала, аудан әкімдеріне аталған кемшіліктерді шұғыл жоюды тапсырамын. Оған жауапты энергетика басқармасының басшысына, Кентау қаласының әкіміне, осы салаға жауапты менің орынбасарама қатысты қызметтік тексеру жүргізілсін, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.