Төлеби ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жансұлтан Төребек ұстазы, информатика пәнінің мұғалімі Лаура Жақсыбекованың көмегімен «Асылбек» деп аталатын қымыз құйғыш робот жасады. Қымыз — Төлеби ауданының бренді. Өнертапқыш оқушы робототехниканың мүмкіндіктерін адам игілігіне пайдалану арқылы ұлттық сусынымыздың емдік қасиетін насихаттауды ниет етіп отыр.
«Асылбек» қымызды сізге бірден құйып бере қоймайды. Алдымен роботқа арнайы пластикалық картаны жақындату арқылы қымыздың шипалы қасиеті туралы қысқаша мағлұматын тыңдауға тура келеді, тек содан кейін ғана сусынын береді.
– Роботтардың түрлеріне, жұмыс істеу принциптеріне қызығушылығым бұрыннан бар болатын. Мұндай робот құрастыру идеясы мектебімізде өткен информатика пәні апталығында ұйымдастырылған роботтар көрмесі кезінде туды. «Асылбек» роботын жасау туралы ойыммен алдымен мұғалімім Лаура апаймен бөлістім. Ол идеямды қолдап, құрастыруда көмектесетінін айтты. Менің роботым оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығын арттырумен қатар, емдік қасиетке ие сусын қымыз арқылы жастардың арасында салауатты өмір салтын дәріптейді. Ұлттық сусынымызды насихаттайтын болғандықтан, «Асылбектің» ұлттық киімде болғаны дұрыс деп шештік, – дейді Жансұлтан.
Оның қымыз құйғыш робот жобасы ғылыми жобалар байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде жүлделі болды.
Narkesken.kz