Адам бойынан әрдайым кез келген жағдайда жақсыны таба білуден гөрі,адамның кемшілігін көре білу жеңіл. Бірақ, бір мамандық иесі бар – ол әрбір баланың бойынан ең әуелі кемшілікті емес, жақсылықты іздеуге талпынады. Бұл кім болуы мүмкін? Әрине, бұл – Мұғалімдер.
Қазіргі таңда ұстазға артылған жүк және ұстазға қойылар талап та күннен күнге көбейіп келе жатыр. Ұлтымыздың ұлағатты алғашқы ұстаздарының бірегейі Ы.Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат,өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұстаз мамандығына баға жетпес анықтама берген.
Жауапкершілігі жоғары, күрделі жұмыс атқаратын ұстаздың кәсіби денсаулығы, оның кәсіби мәдениетіне тікелей байланысты. Ұстаздың кәсіби денсаулығына әсер ететін кейбір факторларға тоқтала кетейік.
Психофизиологиялық фактор, оның ішінде стресс;
Оқыту техникасының адам организміне әсері.
Мұғалімдік мамандық көп ойлануды қажет ететіндіктен, оның орталық нерв жүйесі шамадан тыс күйзеліске түседі.
Осылардың бәрі мұғалімнің дене, психикалық, әлеуметтік денсаулығына әсер етіп, оларда кәсіптік аурулардың пайда болуына әкеледі.
Мұғалім жұмысының тағы бір құрамдас бөлігі — оның дыбыстау аппаратына түсетін салмақ көлемі. Дауысты қалыпты ұстау, оны күту туралы педагогикалық оқу орындарында оқытпайды, әйтсе де мұғалім дұрыс сөйлеп, даусын сақтауды игеруі тиіс.
Мектептегі оқушылардың қандай мұғалімнен білім алғылары келетінін сұрағанда әртүрлі жастағы балалар «айқайламайтын мұғалім қажет» деп жауап береді. Кейде мұғалім айғайлайды, оқушының зейін аударуы нашарлап , сабаққа ынтасы төмендейді. Дауыс көтеру – өте күшті психологиялық қару, физикалық қысым көрсетумен пара пар. Мұғалім оқушыға қатты айқайлап ұрысқан жағдайда оның ми тамыры тежеліп, ойлау қабілетін тоқтатады. Ендеше мұғалім оқушыларға дауыс көтеріп, неге айқайлайды?
Әлде оның зардабынан хабарсыз ба?
Мұғалімнің дауыс көтеруіне бірнеше себебі болуы мүмкін.
Психологиялық-педагогикалық себептер
Жалпы мәдениетінің және шеберліктің жетіспеуі, оқушылармен тіл табыса алмау жиі кездесетін себептердің бірі. Мысалы, мұғалімнің тапсырмасын бала орындамайды, тапсырманы орындатуда мұғалім күш салады немесе дауыс көтереді.
Әлеуметтік – психологиялық себеп
Көпшілік үлкен адамдар өздерін көрсеткілері келіп дауыс көтеріп сөйлейді. Өзінен төменгілерге билік жүргізгісі келеді.
Дауыс көтеру, айқай – жүйкеге түскен салмақтан құтылудан туған ішкі қарсылықтың сыртқа шығуы. Қиын сабақта жүйкеге түскен салмақтан дем алу жолы ішкі энергияны сыртқа шығару. Оқушылармен бірігіп үзіліс кезінде ән айту – ұтымды тәсіл. Ән айту оқушылардың жүйке жүйесін сергітіп, даусын игеруге көмектеседі. Дауыс – табиғаттың баға жетпес сыйы, оны дұрыс пайдалана білу – ұстаз парызы.
Қазіргі таңдағы ақпарат ағымының көптігі, есте сақтау мен зейінге шамадан тыс күш түсу ұстаздың психикасының төмендеуіне себепкер болады. Ал, бұл ұстаздың жүйке ауруына шалдығуына әкеледі. Шамадан тыс жүрек қан тамыр жүйесінің бұзылуына, ашушаңдығына және тез қажуына әкеліп соғады.
Эмоционалды стресті жеңу жолдары
Сіз бәрін өзіңізде сақтамауыңыз керек. Адам өзін эмоционалды түрде көтере алатын проблемалар бар. Жанұяда және жұмыста депрессияға, көңілсіздікке соқтыратын жағдайлар бар. Эмоционалды стресстен арылудың ең жақсы тәсілі — ашық сөйлеу. Сіз өзіңіздің досыңызбен, жақын адамыңызбен, психологпен әңгіме құра аласыз.
Сіз бәрін және бәрін басқаруға тырысудың қажеті жоқ. Өкінішке орай, туыстары мен әріптестерін үйретуге, оларды өздері қалпына келтіруге тырысатын адамдар эмоционалды күйзеліске жиі ұшырайды. Алайда, адамдарды сол күйінде қабылдау керек. Ақыр соңында, адам өзі үшін бәрін сала алмайды. Егер ол адамдарды қандай күйде болса да қабылдаса, бұл эмоционалды тыныштық пен жайбарақаттықты сақтауға көмектеседі.
Үнемі өзін-өзі жетілдіру. Кейде адамда бәрі бар сияқты көрінеді: сүйікті жұмысы, отбасы, достары. Бірақ бәрібір жүрек ауыр, тітіркендіргіш. Бұл жағдайда эмоционалды стрессті қалай жоюға болады? Мұнда ойланған жөн: мүмкін адамға даму жетіспейтін шығар? Балаларды тәрбиелеуге, кәсіпке немесе хоббиге қатысты болсын, үнемі мақсат қойып, жетілдіріп отыру керек.
Ұстаздар қауымына арналған тоқтамдарды ұсынғым келеді:
* Бала мектеп үшін емес, мектеп бала үшін жұмыс істейді;
* Баға құнды емес бала құнды;
* Ұстаз қызметінің мақсаты – өз пәнін жақсы үйретуден гөрі тереңіректе:
* Ол адамды жасаушы адам;
* Сабақ – ұстаз бен шәкірттің адами қарым – қатынасы;
* Сабақтың мақсаты – баланың басқаға ұқсамайтын қасиетін аша білу;
* Әр баланың өмір тіршілігі – өзінше бір тағдыр. Баланың тағдырына ойланып қара:сабаққа келмесе, сабағына қызықпаса,тентек болса себебіне үңіл.
* Себебін алдымен өзіңнен ізде;
* Мұғалімнің сөзі мен ісі жасанды емес, шынайы болуы шарт;
* Шәкірттің кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өлтіресің, жеңісін ізде;
* Көптің көзінше баланы кемсітпе. Сеніп айтқан сырын ашпа.
* Сабақ үстіндегі тыныштыққа көп ізденіспен, еңбекпен ғана жетуге болады;
* Әр бала табиғаттың ғажайып құбылысы.
Тіл арқылы байланысу,қарым-қатынас жасау адамға ғана арналған басты байлық, ұлы сыйлық. Бірақ осы байлықты жақсылыққа ғана емес, жамандыққа да қолданатынымыз жасырын емес.Кейде «аңдамай сөйлеп, ауырмай өлеміз». «Жақсы сөз бұлттан шыққан күндей боп, көңілді жадыратады». «Жаман сөз жаныңа мұң құйып, қабырғаларыңды бір бірлеп сөгеді» деген, демек сөзден қорқыңыздар,оны абайлап ортымен пайдалану керек. Ғалымдардың зерттеуінше былапыт жаман сөздер хромосомдарды өлтіріп, сол сөз иесіне сәтсіздік, жаманшылық, ауру шақыратынын анықтаған. Өздеріңізге белгілі, ұстаз мамандығы басқа мамандыққа қарағанда стрестік жағдайларға жиі душар болатындығы белгілі. Ал ұстаз өзінің ұстанымын жоғалтпай, әрдайым көңіл-күйін көтеріп ұстау қажет. Қорыта келе айтарымыз , мұғалім денсаулығын ең басты өмірлік құндылықтардың қатарына қосып, оны сақтауда өзі,өздік жігері басты роль атқаратынын ескере отырып, ұдайы «өзімен — өзі жұмыс істеуі» керек және өзін қажетті шектеулер мен тиімді жүктемелер жағдайында ұстауы тиіс.
Г.АМРХАНОВА,
«С.Ысмайылов атындағы №5 жалпы орта мектебі» КММ-нің педагог-психологы.
Сарыағаш ауданы.