Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы,облыстық мәслихат депутаты Ғ.Елшібай,Жазушылар Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы А.Сейдазым бастаған бір топ қаламгерлер Созақ ауданында болды. Қонақтар өлке тарихи және киелі орындарын аралап, ел-жер тарихымен танысты,аудан әкімі М.Тұрысбековтың қабылдауында болды,теріскейлік қаламгерлер — Журналистер және Жазушылар одағының мүшелерімен кездесті. Еркін,ашық пікір алмасу,әңгімелесу барысында М.Тұрысбеков ел тыныс-тіршілігін баяндай келе, баспасөзге қатысты өзекті мәселерді де тілге тиек етті. Өз кезегінде әңгіме тізгінін алған Ғ.Елшібай журналистер атқарып жатқан жұмыстарды атап өтіп,қазіргі таңда журналистер қауымы алдында тұрған кәсіби міндеттер,шешімін табуға тиіс сұрақтарға тоқталды. Журналистердің аудандық бөлімшесінің төрайымы Н.Майусова кездесу ұйымдастырудың мақсатын айта келіп қатысушыларды таныстырды.Ә дегеннен ашық-жарқын басталған әңгімелесу барысында А.Сейдазым,М.Асқаров,С.Теңізбаев және жас қаламгерлер әдебиет,газет-журнал оқылымы,блогерлер,жас таланттарды қолдау жайлы ойларын,ұсыныстарын ортаға салды. Айтары бар жастарды көріп қуандық, пайымды сөзі бар аға толқынға ілтипатымыз арта түсті. Басқосуда М.Тұрысбеков қонақтарға алғыс білдіріп,бір топ қаламгерді марапаттаса, Ғ.Елшібай да Одақ тарапынан Алғыс хаттар тапсырып,ықылас-ілтипатын білдірді.Созақтағы дөңгелек үстел басындағы жарқын жүздесу естелік суреттерге түсіп, өзара әңгіме-сұхбаттарға ұласты.