Түркістан облысында МӘМС жүйесіне тұрғындардың қатысуы біршама артты. 2022-2024 жылдарға арналған тұрғындардың денсаулығы жағдайын жақсарту жөніндегі Меморандумға сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтандырылған азаматтардың үлесін 2022 жылға 84% жеткізу жоспарлған. Жыл басынан бері сақтандырылғандардың үлесі – 1 640 334 адамды құрады. МӘМС шеңберінде облыстың 300 мыңнан астам тұрғыны медициналық қызметтерді алудан қағылып отыр.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаевтың мәлімдеуінше, облыс бойынша МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған жалдамалы жұмысшылардың үлесі – 6%, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтіндер – 11% және жеке кәсіпкерлер – 1,8%-ды құрайды.
Атап өтетін жайт, жұмыс беруші мекеме — қызметкерлер үшін жауапты болып табылады. Соның ішінде МӘМС жарналары мен аударымдарын уақтылы төлеуі тиіс. Сақтандырылмағандардың арасында – мұғалімдер, тәрбиешілер, жеке сот орындаушылар, жеке кәсіпкерлер және олардың қызметкерлері кездеседі. Сондықтан әр адам өзінің сақтандыру мәртебесін тексеріп, төлемдердің болуын нақтылауы тиіс. Ол үшін «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасын жүктеу немесе Telegram-дағы «Saqtandyry-bot» арқылы тексеруге, ал төлемдердің сомалары мен кезеңдерін egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы анықтауға болады.