26/11/2024

«Шаңырақтың» шапағатын кімдер көре алады?

 «ОТБАСЫ банкінің» тағы бір жобасы  – «Шаңырақ» пилоттық жобасы. Бұл бағдарламамен кім үй сатып ала алады? Шарты қандай? Қандай үйлер беріледі?

«Шаңырақ» жобасының негізгі шарттары:

Несие мөлшерлемесі – 5 процент;

Бастапқы жарна – 10 процент;

Ипотека мерзімі – 20 жылға дейін.

Бағдарламаға кім өтініш бере алады?

Бағдарламаға 1986 жылдан 2010 жылға дейінгі аралықта жергілікті атқарушы органдарда баспанаға мұқтаж адам ретінде үй кезегінде тұрған азаматтар өтініш бере алады. Ең әуелі өтініш берушінің кезекке тұрған уақыты ескеріледі. Мәселен, 1986 жылы тіркелген адамның өтініші кезекке одан кейін тұрған адамдікіне қарағанда бірінші қарастырылады.

«Шаңырақ» – «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты. Бағдарлама бойынша 10% бастапқы жарнаны толтырып, жылына 5% мөлшермен 20 жылға несие алуға мүмкіндік бар. Ал клиент үй бағасының 50%-ін төлесе, несие мөлшерлемесі кейін 3,8%-ке дейін төмендейді, яғни ай сайын төлейтін сомасы азаяды.

Бағдарламаға қатысу үшін ай сайынғы табыс қанша болуы керек?

Пилоттық жобаға қатысу үшін соңғы алты ай ішінде ипотека алатын отбасының әрбір мүшесіне шаққанда бір айлық табыстың көлемі 3,7 күнкөріс минимумынан (1 күнкөріс минимумы — 36 018 теңге) аспауға тиіс.

Бұл дегеніміз, 2022 жылы отбасының бір адамының бір айдағы табыс мөлшері 133 266,6 теңгеден артық болмауы керек. Әйтпесе, «Шаңырақ» ипотекасы берілмейді. Экологиялық төлемдер кіріс болып саналады. Ал жәрдемақылар кіріске жатпайды.

Кіріс ретінде қандай табыс көзі ескеріледі?

Өтініш беруші негізгі кіріс көзі болған жағдайда несие ала алады. Негізгі кіріске жұмыс немесе кәсіптен түсетін табыс жатады. Негізгі кіріс жеткіліксіз болса, қосымша табысты қосып есептеуге болады. Ал табыс несиені өтеуге жетпесе, 2 қосалқы қарыз алушыны қосуға болады.

Негізгі кіріске мыналар жатады:

  • Айлық жалақы
  • Жеке кәсіптен түсетін табыс
  • Өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша түсетін табыс.

Қосымша кіріске мыналар жатады:

  • Зейнетақы және зейнетақы аударымдары
  • Экологиялық төлемдер
  • Тұрғын үй төлемдері
  • Өмір бойына төленетін ай сайынғы жәрдемақы.

Өзге жәрдемақы кіріс ретінде есептелмейді.

 

Бағдарлама аясында қандай үйлерді сатып алуға болады?

Баспананы «Шаңырақ» бағдарламасының аясында салынған тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылар ұсынатын ғимараттардан да сатып алуға болады. Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының құрылыс компанияларынан сатып алу мүмкіндігі де қарастырылған.

Жеке құрылыс салушылар ұсынған жаңа үйлер бойынша берілетін несие сомасы Қазақстанның әр аймағында әртүрлі. Нұр-Сұлтан мен Алматы және осы аймаққа жақын маңдағы үйлерге 18 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. Ал Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент және Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысынан 15 миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар. Аталған аймақтардан басқа жерден үй алуға банк 12 миллион теңгеге дейін несие бере алады.

 

 

 

 

Narkesken.kz

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар