Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Шымкентте әйнек конструкцияларын өңдейтін және өндіретін зауыттың іске қосылу салтанатына қатысты, — деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Narkesken.kz.
Қуаттылығы жылына шамамен 800 мың м2 шыны конструкцияларын шығаратын кәсіпорын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 3,4 млрд теңгеге мемлекеттік қолдауға ие болды.
Зауытта заманауи еуропалық қондырғылар бар, оған шикізат Қызылорда облысынан жеткізіледі («Orda Glass Ltd»). Жаңа кәсіпорын өнімін ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа, оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне де жөнелтеді деп күтілуде.
Әлихан Смайылов өз сөзінде республикада бәсекеге қабілетті салалардың саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
«Мемлекет оларға жан-жақты қолдау көрсетуде, соның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, азаматтарымыздың әл-ауқаты артуда», — деді ол.
Жаңа зауыттың жалпы инвестициялық құны 5,8 млрд теңгені құрайды. Оның іске қосылуының арқасында 260-тан астам адам жұмыспен қамтылады.
«Жалпы, оның қызметі өңірдің ғана емес, бүкіл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді» деді Премьер-Министр қорытынды сөзінде.
Narkesken.kz.