ШЫМКЕНТ: МЕТАЛЛУРГИЯ ЗАУЫТ САЛУ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясының басқарма төрағасы Лю Юнмин металлургиялық зауыт салу туралы меморандумға қол қойды. Меморандум алдыңғы кездесудің қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдер аясында жасалды. Vегаполис басшысы инвесторларды зауыт салынатын «Темір» индустриялық аймағымен таныстырды.
Айта кету керек, жобаны жүзеге асыру барысында компания қала экономикасына 1 миллиард 750 миллион АҚШ долларын инвестициялап, мың жаңа жұмыс орнын ашады. Үш кезеңдік металлургиялық зауыт бес жыл ішінде салынады. Жылдық өндірістік қуаты бес миллион тоннаны құрайды. Кәсіпорын экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлемдегі ең озық технологияларды пайдаланатын болады.
Қала әкімі компания басшылығына мегаполиске қызығушылық танытып, өнеркәсіп саласын дамытуға тікелей инвестиция салғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол жобаны жүзеге асыруда, оның ішінде қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Өз кезегінде шетелдік инвесторлар бүгінде Шымкентте инвестиция тартуға барлық жағдай жасалғанына тоқталды. Зауыт іске қосылса, басқа да бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
NARKESKEN.KZ