Шымкентте «Көрме» орталығында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру мақсатында Ашық есік күні өтті. Іс шараға ауыл шаруашылығы және ветеринария, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, туризм және сыртқы байланыстар, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармаларының, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы», екінші деңгейлі банк өкілдері, «Shymkent» ӘКК» АҚ, «Оңтүстік» Арнайы экономикалық аймағы, «Сауда-логистикалық орталығы», «Атамекен» палатасының мамандары қатысты. Мамандар 300-ден аса тұрғынға бағдарламаларға енгізілген өзгерістерді жеткізіп, заңгерлік, бухгалтерлік кеңестер берді.
Биыл қайтарымсыз гранттар ережесіне бірқатар өзгерістер енгізіліп отыр. Конкурсқа әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген бизнес субъектілері ғана қатыса алады. Тізілімге енгізілетін кәсіпкерлерге жаңа талаптар бекітілген. Сонымен қатар банк несиелерін субсидиялау экономиканың басым секторларына жататын өңдеу өнеркәсібіне бағытталып отыр.
Несиелендіру мерзімдері алғашқы 3 жылда — 8 %, 4 жылы — 9 %, 5 жылы — 10%. Қызмет көрсету саласы бойынша субсидиялау мерзімі 5 жылдан 3 жылға қысқартылды. Несиелендіру сомасы микро бизнес үшін – 20 млн теңгеге дейін, шағын және орта бизнес үшін – 3 млрд теңгеге дейін, ірі бизнес өкілдері үшін – 15 млрд теңгеге дейін рәсімдеуге болады.
NARKESKEN.KZ.