ҚҰСШЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ІШІМДІКТЕН БАС ТАРТТЫ

Қоғамдағы заңсыздық пен тәртіпсіздік – бұл тек қана құқық бұзушылықтардың көбеюі емес, сонымен қатар тұрақсыздыққа, азаматтардың құқықтарының тапталуына және жалпы қоғамның дамуына кедергі келтіретін терең әлеуметтік проблема. Керісінше, ЗАҢ мен ТӘРТІПТІҢ сақталуы – бұл қоғамның қауіпсіздігінің, тұрақтылығының және гүлденуінің негізі. Осы қағидатты терең түсінген Кентау қаласына қарасты Құсшы ауылының тұрғындары бүгінде көпшілікке үлгі боларлықтай игі бастама көтерді.

Құсшының тұрғындары ішімдіктен бас тартты. Бұл қадам – салауатты өмір салтын ұстануға және өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт көрсетуге арналған маңызды қадам болып табылады. Ауыл ақсақалдарының бастамасымен қолға алынған бұл игі іс, ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің белсенді қолдауына ие болып, нәтижесінде ауыл дүкендерінде ішімдік өнімдері сатылмайтын болды.

«Біз бұл істі ұрпағымыздың болашағы үшін бастадық. Салауатты өмір салтын ұстану – әрбіріміздің парызымыз», – дейді ауыл қариялары. Бұл сөздер ауылдың рухани байлығы мен болашаққа деген жауапкершілігін айқын көрсетеді. Ақсақалдардың даналығы мен жастардың белсенділігінің үйлесуі арқасында Құсшы ауылы жаңа белестерге қадам басты.

Құсшы ауылында қазіргі таңда 2024 тұрғын өмір сүреді. Ауылдың негізгі кәсібі – бау-бақша өсіру және мал шаруашылығы. Табиғаты тамылжыған, еңбекқор халқы бар бұл ауылдың бірлігі мен татулығы ерекше. Осы бірліктің арқасында жыл басынан бері ауылда ешқандай қылмыс тіркелмегені – ауылдың тыныштығы мен қауіпсіздігінің айғағы.

Ішімдіктен бас тарту туралы шешім – бұл тек жеке адамдардың денсаулығына ғана емес, жалпы қоғамның әл-ауқатына да әсер ететін маңызды қадам. Бұл бастама арқылы Құсшы ауылы салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды спортқа, білімге, шығармашылыққа баулуға жол ашады. Денсаулығы мықты, санасы сергек ұрпақ – елдің болашағы.

Құсшы ауылының бұл бастамасы – рухани жаңғыру мен салауатты қоғам қалыптастыру жолындағы жарқын үлгі. Бұл тек бір ауылдың ғана емес, бүкіл еліміз үшін үлкен маңызға ие. Басқа елді мекендер де Құсшы ауылының осы тәжірибесін үлгі етіп, өздерінде де осындай игі бастамаларды қолға алса, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халқының әл-ауқатының артуына зор үлес қосар еді. Құсшы ауылының бұл қадамы – болашаққа деген сенімнің, жақсылыққа деген ұмтылыстың айқын көрінісі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар