Өңірлерді дамыту саясаты – ел экономикасының теңгерімді өсуіне, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған стратегиялық бағыт. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі – шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жергілікті экономиканы нығайту. Осы мақсатқа жету жолындағы маңызды құралдардың бірі – қайтарымсыз гранттар. Кентау қаласының тұрғыны Сымбат Анарбаева осы мүмкіндікті пайдаланып ерекше балаларға қажетті орталық ашты.
Сымбаттың бұл қадамға баруына негізгі себеп – өз баласының денсаулығын жақсарту, оны аяққа тұрғызу. Бұл себеп оны тек жеке өмірінде ғана емес, қоғам алдында да жаңа биіктерге жетеледі. Сымбат мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алып, өз қаласында массаж орталығын ашты. Бұл тек кәсіпкерлік қана емес, мейірім мен қамқорлыққа негізделген әлеуметтік маңызы зор іс.
Ол өзі сияқты ерекше бала тәрбиелеп отырған аналардың да қиындықтарын терең түсінеді. Сол себепті осындай орталық ашу арқылы басқа да отбасыларға көмек қолын созуды жөн көрген. Бұл – аналық махаббаттың, жауапкершіліктің және қоғамға деген жанашырлықтың жарқын көрінісі.
Грант қаражаты тиімді пайдаланылды. Орталықта балалардың денсаулығын нығайтуға арналған ең қажетті жабдықтар алынды. Олардың қатарында арнайы балаларға арналған гидро-ванна, ЛФК (лечебная физкультура) құрылғылары, артокофрик секілді мамандандырылған құралдар бар. Бұл жабдықтар ерекше балалардың физикалық дамуына, олардың қозғалыс белсенділігін арттыруға және жалпы денсаулығын жақсартуға айтарлықтай ықпал етеді.
Қазіргі таңда аталған орталықта 6 маман жұмыс істейді. Олар – білікті мамандар, өз істерінің шеберлері. Орталықтың басты мақсаты – тұрғындарға, әсіресе ерекше балаларға сапалы қызмет көрсету. Мұнда тек массаж ғана емес, сонымен қатар кешенді емдеу-сауықтыру шаралары да жүргізіледі. Бұл – Сымбаттың тек кәсіпкерлік қана емес, әлеуметтік жауапкершілігін сезінгендігінің айғағы.
Сымбат Анарбаеваның бастамасы – бұл тек жеке табысқа жету жолы емес. Бұл – үміт отын жаққан, мейірім мен қамқорлыққа толы орталық. Ол өзінің жеке тәжірибесінен туындаған қажеттілікті сезініп, оны қоғам игілігіне айналдыра білді. Мұндай бастамалар, әрине, мемлекет тарапынан қолдау тауып, кеңінен насихатталуы тиіс. Себебі, Сымбаттың ісі – басқаларға үлгі, ерекше балалардың өмірін жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Кентау қаласының тұрғындары үшін бұл орталық – денсаулыққа, жақсылыққа және үмітке толы жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты.
