Сайрам ауданында «Далабазар» жалпы білім беретін мектебі базасында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары слётінің аудандық кезеңі өтті. Слетке Қарабұлақ ауылының №101 жалпы білім беретін мектебінің 8-9 сынып оқушылары — «Адал ұрпақ» еріктілер клубы мен «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық клубының мүшелері белсенді қатысып, өздерінің дайындықтарын жоғары деңгейде көрсетті.
Жас сарбаздар слётте әскери марш жасау, патриоттық ән айту, автоматты шашу-жинау бойынша сайысты. Осы сайыстарда №101 мектептің оқушылары үздік өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Бұл жас сарбаздарды «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің мұғалімі Х.Исаков пен «Адал ұрпақ» еріктілер клубының жетекшісі М.Турашева бастап барды. Олардың шәкірттеріне деген қамқорлығы мен тәрбиелік бағыттағы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде оқушылар өздерін сенімді сезініп, алға қойған мақсаттарына жетуге ұмтылды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биылғы жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы «Адал азамат» атты біртұтас бағдарлама негізінде жүргізілуде. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына адалдық, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық сияқты құндылықтарды сіңіріп, оларды еліміздің лайықты азаматтары етіп тәрбиелеу.
«Адал азамат» бағдарламасы аясындағы жұмыстардың маңызды бір бөлігі – мектептердегі ерікті клубтардың белсенділігін арттыру. Сайрам ауданында «Далабазар» жалпы білім беретін мектебі базасында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары слётінің аудандық кезеңінің өтуі — осы бағыттағы жұмыстардың айқын көрінісі.
Бұл шара жастардың рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытуға, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
«Адал азамат» бағдарламасы – бұл тек қана тәрбиелік бағыттағы жұмыстардың жиынтығы емес, сонымен қатар жас ұрпақтың саналы азамат болып қалыптасуына жол ашатын маңызды құрал. Осы бағдарлама аясындағы клубтық жұмыстар, әсіресе «Адал ұрпақ» сияқты ерікті ұйымдардың белсенділігі, жастардың бойындағы жауапкершілікті, патриоттық сезімді, адалдық пен әділдік қағидаттарын нығайта түседі.
Сайрам ауданында өткен «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары слётінің аудандық кезеңі осындай құндылықтарды насихаттаудың, жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеудің тағы бір жарқын мысалы болды. Бұл шараға қатысқан оқушылардың ерлік сабақтарындағы өнері олардың патриоттық тәрбиесінің жоғары деңгейде екенін көрсетті.
