Сарыағаш ауданының Құркелес ауылдық округінде полиэтилен құбырлар және пластикалық жәшіктер жасап шығаратын цех жұмыс істейді. «Amantay-plast» қайта өңдеу цехы бүгінгі таңда күніне 3 тонна полиэтелен қалдығын, 2 тонна полипропилен қалдығын қайта өңдеп, тәулігіне 10 мың данаға жуық көкөніс пен жеміс-жидек салатын жәшік және 2,5 тонна пластик құбыр шығарады.
Өндіріс орнының басшысы Амантай Андасовтың айтуынша, алғашқы жылдары ауылдағы жылыжайлардан шыққан полиэтилен қалдықтарын жинап, сатумен айналысқан. 2017 жылдан бастап қайта өңдеу саласын өздері игеріп, кәсіп бастаған.
– Қазір 4 цех жұмыс істейді. Біреуі полиэтилен қалдықтарын өңдесе, екіншісі полипропилен қалдықтарын өңдейді. Оған пластмасса заттар, жылыжайдан шығатын шлангтер, пластик бөтелкелер, пленка тағы басқа дүниелер жатады. Біз шаруашылықтан шыққан керексіз қалдықтарды ақшаға сатып аламыз, оның келісін 100, 130 теңгеден белгіледік. Өзіміз барып, алып кететін қызметіміз де бар, – дейді ол.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, пластик жәшіктерді шығару маусымдық жұмыс, жылына екі-үш айға үзіліс жасайды.
Цехта жергілікті 30 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. «Amantay-plast» қайта өңдеу цехының өнімі еліміз бойынша экспортталуда.
«Жәшік өндірісі қолға алынбай тұрған уақытта диқандар фураның жүк салғышына көкөністерді төгіп, тиеп экспортқа жіберетін. Оның кем дегенде 20 пайызы сатуға жарамсыз болып қалатын, егер жол алыс болса, одан да көп өнім шыдамай шіріп кететін еді», – деп еске алады кәсіпкер.
Оның айтуынша, жәшікке салған өнім бір-бірінің үстін баспай, межелі жерге бұзылмай жетеді. Көкөністердің ұзақ жолға шыдауына септігін тигізеді.
«Amantay-plast» қайта өңдеу цехы «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы қатысып, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, өндірісті кеңейткен. Қазір цехта жәшіктің 9 түрі – құлпынай, таңқурайға арналған кіші жәшіктерден бастап, қырыққабат, қауындарға арналған үлкен жәшіктерге дейін шығарылады.
– «Ауыл аманаты» жобасы жаңадан кәсібін ашып жатқан жастарға, біз секілді кәсібін кеңейтуге ниетті кәсіпорындарға көп көмегін тигізіп отыр», – дейді Амантай Андасов.
«Amantay-plast» қайта өңдеу цехы өңірдің экономикасының дамуына ғана емес, экологиялыұ тұрғыда пайдасын тигізіп отыр.