Бүгінгі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі оң өзгерістер қосымша білім берудің маңызын арттыруда. Қосымша білім беру ұйымдары балалар мен жасөспірімдерді шығармашылық белсенділікке, өз бетінше білімін жетілдіруге ынталандыра бермек. Осы мақсатта елде қосымша білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа реформалар іске асырылуда. Жаңа жүйенің арқасында әрбір бала бір үйірме немесе секцияға тегін қатысу үшін электронды ваучер алу мүмкіндігіне ие болады.
Биылғы маусым айынан бастап Шымкент қаласында пилоттық жоба іске қосылды. Аталған жоба бұдан өзге Астана, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда қалаларында да жүзеге асырылуда.
Бұған дейін ата-аналар тарапынан кезектің ашық болмауы, қызмет сапасына бақылау жоқтығы, өтінімдердің қайталануы сияқты жүйелі мәселелер жиі көтерілген болатын. Жаңа жүйе осы олқылықтардың алдын алуға бағытталып отыр. Енді бала сабаққа нақты қатысқан жағдайда ғана қаржыландыру жүзеге асырылады. Әр сабаққа қатысу цифрлық платформада тіркеледі, ата-ана оны өз тарапынан растауға тиіс. Балалар 12 әлеуметтік санатқа бөлініп, әрқайсысы жеке кезекпен бақыланады. Бұрынғыдай бір бала жеңілдікке ие болған жағдайда, өзге ата-аналардың кезектен ығыстырылуы енді болмайды. Барлық процесс электронды түрде жүзеге асып, ата-аналар кезек барысын ашық көре алады.
Шымкент қаласында қосымша білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған пилоттық жоба аясында бірқатар жүйелі мәселелер анықталды. Мәселен, бұған дейін бір бала бір уақытта бірнеше үйірмеге, тіпті екі түрлі өнім жеткізушіге тіркеліп, екі түрлі ваучермен қатар қызмет алуға мүмкіндік алған. Яғни, бір бала бір мезетте екі орында есепте тұрып, мемлекеттік те, жекеменшік те орталықтардан бірдей қызмет алып жүрген.
Бұл жүйедегі ретсіздіктің айқын мысалы ретінде қалада бір баланың жеті түрлі үйірмеге қатар барып жүргені анықталған. Мұндай қайталанған тіркеулердің нәтижесінде қазір қалада 25 мың баланың қосарланған есепте тұрғаны белгілі болып отыр. Бұл жағдай бюджет қаржысының тиімді әрі әділетті жұмсалуына кері әсер етіп келіпті.
Енді бұл мәселе «Бір бала – бір ваучер – бір орын» қағидаты арқылы жүзеге асырылады. Мұндай қағида арқылы мемлекет тарапынан бөлінетін қаражатты тиімді әрі ашық басқаруға жол ашылады. Сонымен қатар, әр бала нақты бір үйірмеде оқитынын әрі сол үйірмеге шын мәнінде барып жүргенін бақылауға мүмкіндік туады. Бұл – қосымша білім беру саласындағы әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз ететін маңызды қадам.
Бұдан бөлек қосымша білім беру қызметін ұсынатын өнім жеткізушілерге қойылатын талаптар арнайы алгоритм түрінде пилоттық жобаның бұйрығында нақты белгіленген. Егер өнім жеткізуші осы талаптарға толық сәйкес келсе, бұл тиісті мемлекеттік органға – Шымкент қаласы жағдайында бұл қалалық білім басқармасына ресми хабарлама жібереді. Бұдан кейін мониторингтік топ нысанды тексеріп, барлық талаптардың сақталуын анықтайды. Егер талаптар толық орындалса, келесі күні-ақ өнім жеткізуші өз жұмысын бастай алады.
Қазір Шымкент қаласында білім, мәдениет және спорт басқармалары тарапынан жалпы саны 344 өнім жеткізуші тіркелген. Пилоттық жобаның іске қосылуына байланысты бұл көрсеткіш артуы да мүмкін. Дегенмен басты назар қызмет сапасына аударылмақ. Бұйрықта көрсетілген талаптарға сай келген кез келген өнім жеткізуші өз қызметін кез келген уақытта бастай алады. Ең бастысы, балаларға сапалы әрі қауіпсіз білім беру.
Қосымша білім беру – қызметі мемлекеттік қызмет. Яғни, бұл қызметті тікелей мемлекеттік орган жүзеге асыруға тиіс. Алайда қазіргі тәжірибеде бұл саладағы қызметтер көбіне жеке меншік ақпараттық жүйелер арқылы атқарылып келген. Осы олқылықты жою мақсатында Үкіметтің тапсырмасымен Ұлттық білім беру деректер базасын жетілдіру жұмыстары басталды. Пилоттық кезеңнің алғашқы сатысында өңірлер бұрыннан қолданылып келе жатқан ақпараттық порталдар арқылы жұмыс істеуді жалғастыра береді. Дегенмен жыл соңына дейін немесе келесі жылдың ортасында бұл қызмет толықтай мемлекеттік жүйеге – Ұлттық білім беру деректер базасына көшіріледі.
Бүгінде еліміздің әр өңірінде ірі спорт кешендері мен қосымша білім беру орталықтары көптеп салынып жатыр. Мұндай нысандар бір уақытта мыңнан екі мыңға дейін бала қабылдай алатын мүмкіндікке ие. Олар мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс шеңберінде белсенді қызмет атқарып келеді. Шымкент қаласында да осындай қуатты инфрақұрылымы бар өнім жеткізушілер бар. Осылайша, пилоттық жоба арқылы қосымша білім беру саласында жүйелілік, әділеттілік және ашықтықты қамтамасыз ету көзделіп отыр.