Түркістанда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Ұмай ана» фестивалі өтті. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын жүзеге асыру мақсатында өткізілді.
Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов іс-шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Ұмай ана» фестиваліне Түркістан облысына қарасты 13 аудан, қаладан 50 жастан асқан аналар қатысып, үш кезеңнен тұратын сайыста бақ сынады. Атап айтсақ, бірінші кезеңде топ жетекшілері топты таныстыруса, екінші кезеңде отбасын қорғаушы мейірімді ана рөлін театрландырылған қойылым арқылы көрсету тапсырылды. Үшінші кезеңде аналар «Тәрбиенің түп-тамыры – ұлттық тәрбие» аталымымен ұрпақ тәрбиесіндегі үздік тәжірбелерімен бөлісті.
Фестиваль қорытындысында Мақтаарал ауданының «Асыл аналар» тобы үздік шығып, 1-орынды иеленді. Ал Түлкібас ауданының «Шаңырақ шуағы» тобы 2-орынды еншілесе, Бәйдібек ауданының «Домалақ ана» тобы 3-орынға лайық деп танылды.
Іс-шара соңында фестиваль жеңімпаздары мен жүлдегерлері Алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Бұл орайда, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева мен облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова марапат иелерін арнайы құттықтап, алғыстарын жеткізді.