ӨНЕРКӘСІПТІК КООПЕРАЦИЯ ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ

Түркістан облысы әкімдігінде «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығына қажетті инфрақұрылым желілерін жеткізу мәселесі және орталықтың әлеуеті талқыланды. Орталық Қазақстан жағында Мақтаарал ауданы аумағында орналасқан  “Атамекен” және Өзбекстан жағында “Гүлстан” өткізу бекеттері маңынан ашылады.

Оның аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өндеу өндіріс орындары, тауарлар, құралдар мен техниканы сақтайтын қоймалар салынады деп жоспарланған. Мұның барлығы өнімді жеткізу уақытын қысқартуға, логистика шығынын азайтуға, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Орталық 2026 жылдың IV тоқсанында ашылады деп күтілуде.

Өңір басшысына орталықта іске асырылатын бірқатар инвестициялық жобалар тізбесі таныстырылды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берді.

– Бұл – өңіріміз үшін аса маңызды жоба. Жаңа жұмыс орындары ашылып, аймақтың экономикалық әлеуеті артып, кәсіпкерлік дами түседі. Сондықтан Мақтаарал ауданы әкімдігі мен жауапты басқармалар жұмысты жүйелі атқарулары тиіс. Тұрақты қадағаланады, жұмысты ширатыңыздар, – деді Нұралхан Көшеров.

Жиналыста Облыстық энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев инфрақұрылым тарту мәселелері бойынша есеп берді. Өзге басқарма басшыларының да осы бастамаға қатысты есептері мен ұсыныстары тыңдалды.

Айта кетейік, «Орта Азия» ХӨКО-ның іске асуы өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етпек. Сонымен қатар бұл орталық аймақтың логистикалық әлеуетін арттырып, Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтатын ірі платформа болмақ.

Түркістан облысы Мақтарал ауданының аумағынан 50 га жер бөлінеді. Өзбектер тарапынан қаралған жер көлемі 42 гектар. Жобаның құрылысын жүргізетін инвестор да белгілі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар