Түркістан облысының Сайрам ауданында жергілікті кәсіпкер Ділшат Давранов көлікке арналған жабдықтар шығаратын шағын цех ашып, кәсіпкерлік саласына тың серпін беруде. Жобаны жүзеге асыру үшін ол мемлекеттік грантты тиімді пайдаланып, өндірістік станоктар сатып алған.
Қазіргі таңда цехта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда автоорындықтарға арналған қаптағыштар, панель жабындылары мен көлік еденіне төселетін төсеніштер дайындалады. Өнімдер «Сайрамда жасалған» деген аудандық брендпен шығарылып, тұтынушылардың оң бағасын алуда.
Кәсіпкердің айтуынша, шикізат әзірге Қытайдан жеткізіледі, алайда жақын болашақта өндірістік құрал-жабдықтарды толықтыра отырып, шикізатты өз елімізде өндіруді жоспарлап отыр.
— Өнімдеріміздің сапасы жоғары, бағасы қолжетімді. Әсіресе жүк көлігі жүргізушілері арасында сұраныс жоғары. Сауда жаз мезгілінде қыза түседі, – дейді кәсіпкер.
Жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында осындай бастамалардың көбеюі өңірлік экономиканың дамуына оң әсерін тигізіп келеді.