Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қалалар мен облыс әкімдеріне 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру талабына сәйкес, Шымкент қаласында 2024 жылы 23 342 жұмыс орнын құру жоспарланған.
2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, 12 290 кәсіпорында жаңа жұмыс орындары ашылып, 17 165 адам жұмысқа орналасқан. Жоспар 73,5%-ға орындалып отыр.
Еске сала кетейік, ел президенті үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданса да, оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы екенін айтып, халықты жұмыспен қамтуда жауапкершілікті әкімдерге жүктеген болатын.
«Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс» деген болатын Президент.
Ал, жалпы Шымкентте 2024 жылы 56 962 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, 2024 жылдың 1 қарашасына дейін 45 860 адам жұмыспен қамтылған.