Түркістан облысының қол күресінен әлем чемпионатында топ жарған спортшыларына құрмет көрсетілді. Өңір әкімі Нұралхан Көшеров Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен 47-ші әлем чемпионатында ел намысын қорғаған спортшылармен кездесіп, жеңімпаздарды марапаттады.
Салтанатты жиында әлем чемпионатында алтын медаль иеленген спортшыларға облыс әкімінің Алғыс хаттары мен ақшалай сертификаттар табысталды. Сондай-ақ екі спортшыға пәтер кілті берілді.
Кездесуде Нұралхан Көшеров спортшылардың жетістігі – табанды еңбек пен қажырлы дайындықтың нәтижесі екенін атап өтті.
«Әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткендеріңіз үшін баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл додаға әлемнің 67 елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы сапында Түркістан облысынан 32 спортшы өнер көрсетіп, 17 алтын, 6 күміс және 9 қола медаль жеңіп алды. Әрбір жеңістің артында спортшының табандылығы мен қажырлы еңбегі, жаттықтырушылардың тынымсыз ізденісі тұр. Сіздердің жетістіктеріңіз – жас ұрпаққа үлгі, өңіріміз үшін үлкен мақтаныш», – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, 2026 жылғы 26 қазан мен 7 қараша аралығында Нью-Дели қаласында өткен әлем чемпионатына 67 елден 2 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы сапында сынға түскен Түркістан облысының 32 спортшысы жалпы саны 32 медаль иеленді. Оның 17-сі – алтын, 6-уы – күміс, 9-ы – қола.
Әлем чемпионатында 85 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрдәулет Айдархан 13-рет әлем чемпионы атанды. 55 келіде белдескен Ердәулет Нұрмахан алтын медаль жеңіп алып, әлемнің алты дүркін чемпионы атағын иеленді. Ал 60 келіде Нұрсұлтан Алдан мен 65 келіде Ұлболсын Эльмурат екінші мәрте әлем чемпионы атанды.
Сонымен қатар Ұлжан Оралбай (60 келі), Ырысты Оразхан (70 келі), Ұлықбек Құралбаев (90 келі, мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында), Жарылқасын Рүстембек (50 келі), Бекжан Қожантай (65 келі), Асылжан Базарбай (70 келі), Асылжан Бекжігіт (75 келі), Тұрарбек Тұрғанбек (80 келі), Нұрболат Басымбек (85 келі) және Ердәулет Мұхамбетов (90 келі) әлем чемпионы атанды.
Айта кетерлігі, әлемдік аренада жоғары нәтиже көрсеткен спортшылардың барлығы Шардара ауданындағы «Шардара Армспорт» спорт клубында тәрбиеленген.
2001 жылы Арман Қарсыбаевтың бастамасымен құрылған клуб ширек ғасырға жуық уақытта Қазақстан спортына көптеген чемпиондарды сыйлады. 2001–2026 жылдар аралығында клубта жаттыққан 150-ге жуық спортшы әлем чемпионы атанса, 119 спортшы әлем чемпионатының жүлдегері болған. Бұдан бөлек, 26 спортшы Әлем кубогын жеңіп алып, 5 спортшы әлемдік комбат ойындарының чемпионы атанған.
Азия чемпионаттарында клуб тәрбиеленушілері 347 алтын медаль иеленіп, 284 рет жүлдегерлер қатарынан көрінген.
Облыс әкімі өңірде бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын дамытуға, ұлттық спорт түрлерін насихаттауға және спорт инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
