26/11/2024

20 ЖЫЛДА 1,4 МЫҢ АУЫЛ ЖОЙЫЛҒАН

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Шайдаров Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі  Олжас Бектеновке ауылдық аумақтарды дамыту туралы депутаттық сауал жолдады. Сенатор өз сауалында ауылдарда өмір сүру сапасының төмендеп бара жатқанын және ауылдардың жойылып кетуіне әкеліп соғатын проблемаларды атады.

Елімізде 2019 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Депутаттың мәлімдеуінше, 2014-2023 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 524 миллиард теңге бөлініп, 1800 ауылда 5 мыңнан астам жобаны жүзеге асырылған. Жаңғырту нәтижесінде ауыл инфрақұрылымын жаңа өңірлік стандарттардың параметрлеріне дейін жеткізілуі тиіс болатын.

Жаңа әдістемеге сәйкес ауылдардың әлеуетін анықтау төрт блок бойынша жүзеге асырылады, оның ішінде үшінші блок — экономика. Аталған блок мынадай параметрлерді қамтиды: жалданып жұмыс істейтіндер, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының жалпы қосылған құны.

Алайда, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасында жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру индикаторы жоқ.

«Ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеудiң әлемдiк тәжiрибесi көптеген елдердiң ауылдық өңiрлерiн дамытуды мемлекеттiк реттеу негiзiнде мынадай көрсеткiштердiң бар екендігін көрсетедi: яғни, кiрiс деңгейi, жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiм, жан басына шаққандағы кiрiс, ауылдық аумақтардың экономикасына тiкелей байланысты жұмыссыздардың үлесi»  дейді Серік Шайдаров.

Сенатор елімізде кейінгі 20 жылда 1404 ауылдың жойылып кеткенін, бұл жағдай ауылдық аймақтарға қатысты мемлекеттік саясатты қайта қарау қажет екенін байқатып отырғанын алға тартты.

«Мемлекеттік қолдаудың қатысуымен бөлінетін барлық несиелерді «Ауыл – ел бесігі» бойынша ауылдық елді мекендерді қаржыландырумен байланыстыру және негізгі индикаторды осы елді мекендердегі салалар бойынша жалпы қосылған құнның жыл сайынғы өсуіне мониторинг жүргізе отырып, жаңа тұрақты жұмыс орындарының ашылуымен айқындау ұсынылды.

Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, «Неге инфрақұрылымға миллиардтаған сома құйылатын ауылдық елді мекендерде бөлінген несиелер мен бизнес ашу бойынша талдау жоқ?» деген сұрақ туындайды. «Ауыл – ел бесігі» жобасының мақсаты – осы ауылдардағы экономикалық өсу өлшемі арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту. Іс жүзінде бюджет қаржысын әдеттегідей игеру жүріп жатыр, ал тұрақты жұмыс орындары ашылмаса, мемлекет салынған қаржыдан тиісті нәтиже ала алмайды», — деді Серік Шайдаров Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында.

Сенатордың ұсынысында ауылды жерлерде экономикалық дамуға және жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға баса назар аудара отырып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына кешенді талдау жүргізу керек енені айтылды.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар