Шымкент қаласының тұрғыны Г.Адырбекова – жұмыссыз. Жасы – 52-де. Мегаполистегі балабақшалардың бірінде тәрбиешінің көмекшісі болып істеген ол маусым айында жұмыстан шығып қалған. Жасы 50-ден асқанда жұмыс табу оңай емес екен. Жұмыс іздеп, аяқтан тозып жүргенде, танысынан жұмысынан айрылғаны үшіін мемлекет тарапынан төленетін әлеуметтік төлем туралы естиді.
Қалалық жұмыспен қамту орталығына барып, мамандардан кеңес алып, жұмыссыз ретінде тіркеліп, тамыз айынан бұрынғы жалақысының 45 пайызы көлемінде әлеуметтік төлем алып отыр. Төлемді алты ай бойы беріледі екен.
«Бізде мұндай әлеуметтік төлем бар екенін ешқашан естіген емеспін. Мен мемлекеттік мекемеде жұмыс істеймін. Енді біле жүретін болдым» дейді Шымкент қаласының тағы бір тұрғыны З.Мұратбекова.
Әлеуметтік Кодекстің жобасында қарастырылған осы норма туралы білмейтін жалғыз З.Мұратбекова ғана емес. Білмейтіндер өте көп. Осы орайда мамандардан осы норма туралы толық айтуды сұрадық.
— Әр түрлі себептермен жұмысынан айырылған адамдар біздің бөлімге жүгіну арқылы әлеуметтік төлем ала алады. Олар қажетті құжаттарды толтырып, өтініш қалдыруы керек. Олар өтініш қалдырғаннан кейін оларға ақша келеді. Бағдарламаға қатысу үшін eGov сайтында өтінім қалдыру қажет. Бұл қызметті онлайн режимінде электрондық еңбек биржасы арқылы да алуға болады, — дейді Тұран ауданының Мансап орталығы бөлімінің бастығы Нұрбол Шымкентбаев.
Елімізде жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер жұмыстан босату себептеріне қарамастан төленеді.
Биыл жұмыссыздық бойынша жәрдемақы — жоғалған табыстың 45 пайызына дейін өсті. Бұрынғыдай, әлеуметтік төлемдерді жұмыстан шығарылғаннан кейін алты ай ішінде алуға болады. Бұл ретте жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Жәрдемақы мөлшері адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қанша уақыт қатысатынына және өткен жылғы табысына байланысты.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:
— eGov.kz порталында авторизациялану;
— «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
— онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
— бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
— егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);
Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, 2024 жылғы 1 қырқүйектегі жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 217,5 мың адамды құрады. Бұл ретте биыл 168,5 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 54,1 млрд теңге болды.
NARKESKEN.KZ