Шымкентте бүгінде 97 243 зейнеткер тұрады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қарияларға мемлекет тарапынан қандай әлеуметтік көмек пен қолдау көрсетілетіні туралы айтты.
Зейнеткерлер арасында 2 Ұлы Отан соғысының ардагері, 1 575 тыл еңбеккері және 2 145 соғыс ардагерлеріне теңестірілген азамат бар.
2025 жылы қаладағы 5 500 зейнеткерге санаторлық-курорттық ем қабылдауға мүмкіндік жасау үшін 865 миллион теңге бөлінді. Осы бағыттағы қызметті «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені жүзеге асырады. Бұрын бұл кешен 70 орынды ғимаратта жылына 2 мың зейнеткерге ғана қызмет көрсетіп келген болса, енді 120 орындық жаңа төрт қабатты ғимаратқа көшіп, жылына 3 500-ге дейін қарияны қабылдай алады.
Сонымен қатар, зейнеткерлерге арналған санаторлық-курорттық ем алу жолдамаларын беру процесі толықтай автоматтандырылып, қариялар geo-shym.kz порталы арқылы өтініш беріп, кезек тәртібін онлайн бақылауға мүмкіндік алды.
Ардагерлерге рухани қолдау ретінде оларды баспасөз басылымдарына жаздыру да жолға қойылған: 2025 жылы 2 185 ардагерге газет-журналдарға жазылу үшін 25,8 миллион теңге бөлінді.
Бұған қоса, 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында 1 994 ардагерге бірреттік әлеуметтік көмек беру қарастырылды. Бұл көмек Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы шешіміне сәйкес жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 7 мамырда ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 166 ардагерге 45 АЕК көлемінде, яғни 176 940 теңге төленсе, 9 мамырда ҰОС ардагерлерінің әрқайсысына 1 272 АЕК немесе 5 001 504 теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек берілді.
Тыл ардагерлері, қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері мен отбасы мүшелеріне 15 АЕК мөлшерінде – 58 980 теңге көлемінде төлем тағайындалды. Жалпы, 7–9 мамыр мерекелері аясында 1 994 ардагерге 147,1 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді.