600 АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТИТЫН ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫН САЛУҒА КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ

Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев Қытай Халық Республикасынан келген «Ксинджианг Ксинхуа Индастриал Групп Ко ЛТД» компаниясының өкілдерін қабылдады.

Кездесу барысында тараптар ауданның инвестициялық әлеуеті мен бірлескен жобаларды талқылап, өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған келісімге қол жеткізді. Атап, айтқанда жылына 1 млн тн цемент өнідірісінің жобасы талқыланды. Бұл жоба 600-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек.

Аудан басшысы кездесуде екіжақты келісімді қолдай отырып, инвесторларға барлық қажетті жағдай жасалатынын, инвесторларға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге дайын екенін білдірді. Сонымен қатар, зерделеу жұмыстары толық аяқталған соң зауыт құрылысын мүмкіндігінше жеделдетіп бастауды және өндірісті іске қосып, дайын өнімді нарыққа шығаруды ұсынды.

Бұл ұсыныс өңір экономикасын жандандырып, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға және ауданның индустриалды әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадам болмақ.

Аудан әкімі Асқар Естібаев кездесуді ұйымдастырып, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген Зауытбек Қауысбекұлына алғысын білдіріп, екіжақты серіктестіктің табысты болуына сенім білдірді.

Айта кету керек, 2030 жылға дейін Түлкібас ауданында жалпы құны 377 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл аудан экономикасының дамуына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар