Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы тауарларын өткізу, сату мәселелерін реттеу бойынша ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсырма берді.
«Өнімді ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден алдын-ала тікелей сатып алу жолдарын айқындау қажет. Мұнымен құзырлы министрліктер айналысуға тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы тәсілді жетілдіру үшін тиісті қауымдастықтарды және нарық субъектілерін жұмылдыруға тиіс» деді Президент.
Мемлекет басшысы тағы бір өзекті мәселе – өнімді сату мәселесіне тоқталды. «Өкінішке қарай, еліміздегі өнімнің бәрі бірдей дүкен сөресінен табыла бермейді. Импортпен қатар, ішкі кедергілер де бар. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мәселелері де аз емес. Олар тауардың үздіксіз жеткізілуін, өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ете алмайды. Басқа да талаптар бар. Әрине, мұның бәрін біртіндеп ретке келтірген жөн. Сондықтан, фермерлерге қолдау көрсету тәсілдерін бірлесе әзірлеуді тапсырамын» деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы жұмысқа «Атамекен» палатасын тартуды, шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілуі керектігін атап өтті.
«Мұндай мүмкіндік олардың жұмысын жандандырып, салаға инвестиция тартуға жол ашады. Отандық тауардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондай-ақ, өнімге қосылатын бағаны нақты белгілеп, арада жүрген саудагерлер санын азайту қажет. Ол үшін, ең алдымен, жедел түрде тиісті заңнамалық шараларды қабылдауымыз керек. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын бастау үшін ұсыныстар әзірлеуге тиіс» деп сөзін түйіндеді Президент.
NARKESKEN.KZ