26/11/2024

АРҚАЛЫ АҚЫНҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Сарыағаш ауданының  әкімі Мұхит Отаршиев ауданға арнайы келген ақын Мұхтар Шахановты қабылдап, 80 жас мерейтойымен құттықтады. Мұхтар Шаханов — Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, «Түркі тілдес халықтар арасында ең үздік әлем ақыны», Түркістан облысының құрметті азаматы, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері. Ақын асқан талантымен, айбынды ақындығымен, асқақ азаматтығымен ерекшеленген, ұрпақты ақындық өнермен сусындатып, дүйім елдің құрметіне бөленген, қазақтың біртуар азаматы. Бүгінде 80 жасқа келген қаламгер саналы ғұмырында бойға біткен асыл өнер ақындықты насихаттап келеді. Кездесуде аудан басшысы ақынды мерейтойымен құттықтап, арнайы сый-сияпатын және «Сарыағаш ауданына – 80 жыл» мерекелік медалін табыстады. Өз кезегінде мерейтой иесі құрмет көрсеткен аудан басшысына өз ризашылығын білдірді.
Мұнан соң аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойына орай мерекелік іс-шара Көктерек кентіндегі Сарыағаш шипажайының көрермендер залында жалғасын тапты. Ақынның қатысуымен өткен іс-шараға аудан әкімі Мұхит Отаршиев, аудандағы әдебиетке, өнерге өз үлесін қосып жүрген шығармашыл жастар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Еліңде қартың болса-жазулы тұрған хатпен тең» деп халқымыз осындай жаны дархан жанның қоғамдағы орнын дөп басып айтқандай. Мұхтар аға сізді 80 жас мерейтойыңызбен құттықтай отырып, мықты денсаулық пен шығармашылық қуат, әулет пен ел-жұрттың амандығын тілеймін!» — деп аудан басшысы мерейтойымен құттықтады және салт-дәстүрімізге сәйкес ақынның иығына шапан жауып, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
М.Шахановтың мерейтойына арналған шара барысында көрермендер арқалы ақынның шығармашылығына қанығып, ерекше әсер алды. Рухани кеште жас өрендер ақынның «Баба Түркістан», «Гүлдәурен», «Гималай жолбарысы», «Төрт ана», «Төрт мұрат», «Махаббатты қорғау», «Кешікпей келем деп ең», «Мен саған ғашық едім», «Желтоқсан алаңы», «Жігерлендіру», «Өлең құрау ақындардың көп қырының бір түрі», «Махаббаттың жазылмаған заңы», «Ақ бантик», «Туған күн кешінде» атты авторлық әндерін шырқап, қазақ рухын асқақтатты. Жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, қонақтардың алғысына бөленді. Кездесу соңында ақиық ақын жиналған қонақтарға ақ батасын беріп, жас бүлдіршіндердің тұсауын кесті.

(с) Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар