Түркістандағы «Ақжайық» музыка мектебінде облыстың құрылғанына 4 жыл толуына орай «Түркістан — Ер Түріктің бесігі» атты ақындар айтысы өтті. Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен шараның шымылдығы «Йасы шаһары» көрініс-қойылымымен ашылып, алғашқы сөз Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаевқа берілді. Ерлан Бақытжанұлы өз сөзінде айтыстың қазақ халқы үшін маңызды екеніне тоқталып, айтыскерлерге сәттілік тіледі.
Жүрсіннің жүйріктері сынға түскен айтыс мақсаты – тұғыры биік Тәуелсіздікті жырға қосу, Түрленген, гүлденген Түркістанды кеңінен жырлап, тілге тиек ету. Сондай-ақ, жеңісті де, жемісті жұмыстарды жырлап, Ордалы Оңтүстігімізден және Түркістан қаласынан шыққан ұлы тұлғалардың еңбегін тақырыпқа арқау ету.
Айтысқа республикамызға белгілі айтыс өнерінің биігін бағындырған, айтыстың нағыз аңтаңгерлері қатысты. Атап айтсақ, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков (Түркістан), «Алтын домбыра» иегері Жансая Мусина (БҚО, Орал), «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов (Қызылорда), белгілі айтыскер Шұғайып Сезімхан (Алматы) мен Нұрлан Есенқұлов (Шымкент), Мейірбек Сұлтанхан (Нұр-Сұлтан), Нұрзат Қару (Алматы) және Айбек Қалиев (Арқалық).
Айтыстың әділдігі мен төрелігін танытар қазылар алқасының құрамында Бақыт Әбжет, Әбілқайыр Сыздықов, Бекмұрат Анарбаев бар. Аламан айтысты ұйымдастыру алқасының мүшесі, ақын Тұрар Тілеулиев жүргізіп отырды.
Тартысты өткен жыр додасында әділ-қазылар шешімімен жүлделі орындарды анықталып, Бас жүлде Шұғайып Сезімханға бұйырды. Ал 1-орынды Жансая Мусина иеленсе, 2-орын Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Айтыстың қос ақтаңгері – Бекарыс Шойбеков пен Айбек Қалиев 3-орын иегері атанды. Қаныбек Сарыбаев атындағы номинация Нұрлан Есенқұловқа, Көпбай Омаров атындағы номинация Мейірбек Сұлтанханға, ал Тәушен Әбуова атындағы номинация Нұрзат Қаруға бұйырды. Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік танылғандар арнайы дипломмен қоса, қаржылай сыйлықпен марапатталды. Шара барысында Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетті.