«Балдәурен» демалыс аймағында «Күміс домбыра — 2022» республикалық жас ақындар айтысы ұйымдастырылды. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» мен «Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің» бірлесіп ұйымдастырған жыр додасы биыл қазақтың ұлы ағартушысы Абай күніне орай табиғат аясында өтті. Ұлттық өнер додасында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Жұмабекұлы сөз алып, өнерлі жастарға сәттілік тілеп, алдағы уақытта жыр додасы дәстүрлі түрде жалғасын табатынын тілге тиек етті.
Аламан айтысқа республикамыздың облыс, қалаларынан 16 айтыскер қатысып, екі кезең бойынша бақ сынасты. Ал қазылар алқасы құрамында елімізге танымал ақын, қазылар алқасының төрағасы Бекарыс Шойбеков, белгілі айтыскер ақын Бауыржан Халиолла, Б.Өтеп атындағы өнер мектебінің директоры, айтыскер ақын Маржан Есжанова, «Алтын домбыра» жүлдесінің үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов, Әл-Фараби атындағы ғылыми әмбебап кітапхананың директоры, айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова бар.
Суырып салма өнердің жас буындары қоғамдағы түрлі тақырыптарды қозғай отырып, бір-бірінен оза шауып айтыстың көркін келтірді.
Сонымен, сайыс нәтижесі бойынша БАС ЖҮЛДЕГЕ Түркістан облысы Отырар ауданының тумасы Даниял Болысбек лайық деп танылды. Жеңімпазға күміспен қапталған домбыра табыс етілді.
I ОРЫН — Айым Асылбекқызы (Алматы қаласы)
II ОРЫН — Нұрахмет Мансұров (Қызылорда облысы) және Аян Ниязбек (Түркістан облысы)
III ОРЫН — Нұрғали Әнапия (Шымкент қаласы) және Жандос Мырзабеков (Шымкент қаласы)
ие болды. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Осылайша екі күнге созылған «Күміс қалам» және «Күміс домбыра» сайыстары жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, өнерлі жас ақындарымызға шығармашылық серпін берді. Екі байқау да алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын табатын болады. Осы орайда ұлттық өнеріміздің жастар арасында насихатталуына қолдау білдірген Шымкент қаласының әкімі Әйтенов Мұрат Дүйсенбекұлына, қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Жұмабекұлына, Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармаға, Жастар ресурстық орталығы мен Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің ұжымына алғыс білдіреміз.