Күні кеше облыс орталығына «Түркістан — Түркі әлемінің жүрегі» атты аудан, қалалардың мәдениет күндері аясында Сайрам ауданының рухани-мәдени керуені келді. Үш күндік бағдарламаның алғашқы күні «Ақсу» фольклорлы халықтық ансамблінің, «Самұрық» би тобының «Ақсукентім — арайлым» атты концертімен бастау алды.
Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Ш.Убайдулаев, Облыстық мәдениет басқармасының Мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы М.Кенжетайұлы, аталмыш бөлімнің бас маманы Е.Сартаев бастаған қонақтар алдымен қолөнер және кітап көрмесін, ауылшаруашылық жәрмеңкесін тамашалады. Содан соңспорттық іс-шаралармен жалғасып, жас спортшылар өнер көрсетті.Жүргізушілер ортаға шығып, шара мақсатын көпшілікке таныстырып, кезекті қазақ күйлеріне берді. Содан кейін салтанатты кешті ашып беру үшін аудан әкімінің орынбасары Шұхрат Убайдулаев сахнаға шығып, құттықтау сөз сөйледі.
Әрі қарай Түркістанға арнау айтылып, күміс көмей әншілер әуелете ән салса, мың бұралған бишілер қазақ және өзге де ұлттық би билеп, көрермен көңілін көтерді. Еске сала кетейік, Сайрам ауданының мәдениет күндері бүгін және ертең кешкі уақытта «Керуен сарай» туристік кешенінде жалғасатын болады. Баршаңызды тамашалауға шақырамыз!