Ағымдағы жылдың 17 тамыз күні Түркістанда «AMANAT» партиясы жанынан құрылған республикалық қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Кеңесте халық қалаулылары білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөнінде сөз қозғап, аталмыш салалардағы өзекті тақырыптарға тоқталды.
«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің көшпелі отырысына ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Жұлдыз Сүлейменова (кеңес төрағасы), Қайнар Абасов, Ғани Ташқараев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы және басқада басқарма басшылары мен облыстық мәслихат депутаттары, кеңес мүшелері қатысты.
Көшпелі кеңес отырысының күн тәртібінде «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық Жол картасының Түркістан облысы бойынша орындалуы туралы бойынша екі мәселе қаралып талқыланды.
Олар:
1. Түркістан облысында жаңа мектептер салу, мектептерді жаңғырту, пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету барысы туралы;
2. «Ауыл — ел бесігі» жобасын іске асыру шеңберінде Түркістан облысы бойынша білім беру объектілерін дамыту туралы.
Білім саласындағы олқылықтар қоғамның күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Яғни, мектептердің жетіспеуі, үш аусымдық оқу процесін жеңілдету ісі әлі де жетілдіруді талап етеді. Бұдан бөлек, бала-бақша мен мектеп шаңырақтарын көбейту, олардың құрылыс сапасын бақылау мен материалдық техникалық базаларын нығайту және шалғай елді мекендердегі оқушыларды білім шаңырақтарына қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелеу қажет. Мектеп оқушыларды бір мезгілдік тамақпен қамту деген мәселелер биліктің басты назарында.
Түркістан облысында халық өте тығыз орналасқан. Тиісінше, аталмыш мәселелердің өзектілігі жыл сайын артары сөзсіз. Дегемен, облыс тарапынан бұл жағдайды ұтымды шешу де қарастырылған. Биылдың өзінде облысымызда 59 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 20,7 млрд. теңге қаралған. Оның ішіндегі 21 мектепке қаржы облыстық бюджеттен қаралған.
⚜ Ал, биылғы жаңа 2022-2023 оқу жылына 5 мектеп қолданысқа беру жоспарлануда. Қалған 16 білім ордаларының құрылысы жыл соңына дейін аяқтау көзделуде.
⚜ Жиын соңында, Мәжіліс депутаттарының жұмыс кестесіне сәйкес Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылындағы қос мектептің жаңа спорт залдарымен және Сауран ауданы, Шорнақ ауылына қарасты Қосмезгіл елдімекеніндегі жаңа мектептің құрылып жұмыстарының қарқыны баяндалды.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес еліміздің барлық аймақтарын аралап, түйіткілді мәселелердің оң шешімін табуға ат салысуда.