Шымкентте “AgriTek Shymkent’2022” ауыл шаруашылығының ІХ халықаралық мамандандырылған көрмесі өтуде. Бүгін көрме аясында өткен конференцияға қала басшысы М. Дүйсенбекұлы арнайы қатысып, сала көшбасшыларымен пікір алмасты.
Урбанизациясы мен агломерациясы күн санап өсіп келе жатқан үшінші мегаполис — еліміздегі ауыл шаруашылығы үшін қолайлы аймақтардың бірі. Мұны ескерген шаһар басшысы егіс егіп, өнім өндіруде алыс-жақын шет елдердің озық технологияларын үйреніп, тәжірибеде іске асыру қажеттігін де қаперге ілді.
Сөз соңында жемісті еңбек етіп, ауыл шаруашылық саласын өркендету жолында тер төгіп жүрген қатысушыларға табыс тіледі.
— Жемісті жылдың жетістігін паш ететін барлық ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін шаруаларға, кәсіпкерлерге зор алғысымды білдіремін. Дихандарымыздың, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің жоғары кәсібилігінің, өз ісіне адалдығының және қажырлы еңбегінің арқасында агроөнеркәсіп кешені азық-түлік қауіпсіздігінің сенімді кепіліне және экономикалық дамудың басты қозғаушы күшіне айналды,-деді әкім.
Айтып өтейік, көрме қараша айының 9-11 күндері аралығында жалғасады. Қазіргі таңда мұнда ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары, суару және тыңайтқыш технологиялары, тұқымдар мен көшеттер, құс және мал шаруашылығына арналған жабдықтар мен технологиялар, сондай-ақ ветеринариялық технологиялар қойылған. Жалпы еліміздің және Корея, Ресей, Түркия сынды басқа да 50-ден астам мемлекеттің экспоненттері ұсынылып отыр.
Narkesken.kz