Қазақстанның Индонезиядағы Елшілігі Индонезияға баруға ниеттеніп отырған Қазақстан азаматтары үшін «келген бойда берілетін виза» алу мүмкіндігін пысықтады. ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Индонезияның Заңдар және адам құқықтары министрлігінің Көші-қон жөніндегі бас директораты 2023 жылғы 18 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтары аталған виза түрін алуға құқылы елдер тізіміне енгізді.
«Келген бойда берілетін визаны» Индонезияға ұшып келгенде әуежайда немесе molina.imigrasi.go.id сайтында Индонезияға ұшпас бұрын рәсімдеуге болады. Ол үшін төмендегі құжаттар қажет:
шекарадан өту сәтінде қолданылу мерзімі кемінде 6 айды құрайтын паспорт;
кері әуе билеті немесе үшінші елге ұшу үшін алынған билет;
коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация сертификаты (кем дегенде екі доза қажет), бұл ретте екінші компонентпен вакцинациялау шекараны нақты кесіп өту күніне дейін кемінде 14 тәулік бұрын жүргізілген болуы тиіс. Бұл талап 18 жасқа толған тұлғаларға қолданылады. 18 жасқа толмағандар үшін вакцинация сертификатының болуы талап етілмейді.
«Келген бойда берілетін визаның» құны 500 мың индонезиялық рупия (шамамен 35 АҚШ доллары). Виза әуежайда рәсімделген жағдайда визалық алымды төлеу «Bank Rakyat Indonesia» үстелшесінен жүзеге асырылады (АҚШ долларымен де, индонезиялық рупиямен де төлеуге болады).
«Келген бойда берілетін виза» Индонезияда 30 тәулік ішінде болуға мүмкіндік береді, оны тұру орны бойынша орналасқан көші-қон қызметі бөлімшесінде дәл осындай мерзімге бір рет ұзартуға болады.