26/11/2024

ТҮРКІСТАН ДЕКЛАРАЦИЯСЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

Бүгін Түркістан қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің алғашқы Парламентаралық форумы өтті. Бұл іс-шараға аталған аймақтағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінің Парламент Палаталарының делегациялары қатысып, парламентаралық қатынастарды нығайту тетіктері мен біртұтас рухани-мәдени кеңістікті дамыту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Тиісінше, іс-шараға қатысқан депутаттар Орталық Азия елдерінің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын нығайту мәселесі мен Парламенттердің осы үдерістегі рөліне, ортақ тарихи-рухани мұраға негізделген мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту барысына назар аударды.
Іс-шарада сауда экономикалық, интеграциялық, инновациялық түрлі салаларлағы байланыстармен қатар, Парламенттер арасындағы заңнамалық құжаттарды қайта бағамдау және рухани мәселелер де сөз болды.
Форум аясында әр мемлекеттің делегаттары іс-шараның маңыздылығына тоқталып, өз ұсыныстары мен жобаларын ортаға салды.
Жиын қорытындысы бойынша Орталық Азия елдеріне ортақ Түркістан декларациясы қабылданды. Бұл құжатта экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және өзіндік бірегейлігімен ерекшеленетін Орталық Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыруға арналған парламентаралық қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары көрсетілген.
Тиісінше, форумға қатысқан мемлекеттер алдағы уақытта әлемдік сын-қатерлерге бірге төтеп беру жолдарын қарастырып, өзара қарым-қатынасты нығайтады деп сенеміз.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар