26/11/2024

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА ДИҚАНДАР КӨКӨНІС ЕГУДІ БАСТАП КЕТТІ

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында диқандар ақпанның ызғары мен жауын-шашынына қарамастан қырыққабат пен қызылша  егуді бастап кетті. Солардың бірі – Мақатаарал ауылдық округі, Есентаев ауылында орналасқан «Абдрахманов» шаруа қожалығы. Аллаяр Кенжебайұлының шаруа қожалығының  4 гектар жеріне қырыққабат  егіліп жатыр. 35 адамнан құралған 2 бригада ақпанның әрбір сәтті күнін пайдаланып егістік алқабында тынбай жұмыс атқаруда.
«Жұмысшыларға күніне 5000-5500 теңгеден еңбекақы төлейміз. Қырыққабаттың «Ринда» және «Галикан» деген сорттарын егіп жатырмыз. Негізінен еккен егініміз 2-3 ай көлемінде пісіп-жетіледі. Егілген көшеттің үстін клеенкамен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек»  дейді А.Абдрахманов.
Ерте пісетін қырыққабатқа еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде Мақтаарал ауданында жалпы көлемі 10 гектар жерге қырыққабат, 15 гектарға қызылша дақылы егілген.
Жалпы биыл Мақтааралда 1904 гектар жерге ерте пісетін көкөністер егу жоспарланып отыр. Диқандар қырыққабат пен қызылшаны ерте жинап болған соң  соңынан қауын-қарбыз, мақта сияқты т.б. дақылдар егеді. Осылайша диқандар 1 жылда 2-3 рет өнім алады.
Айта кетейік, өткен жылы мақтааралдық шаруалар 20 мың тонна көкөніс өндіріп, оның 80%-на жуығын ТМД елдеріне, Балтық жағалауы елдеріне, Түркия, Германия, Грекия мемлекеттеріне экспорттаған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар