Психологтардың айтуы бойынша, адам кез келген жас кезеңінде өзін емес, өзге адамдарды объективті бағалай алады. Бала басқа адамдардың әрекеттерін салыстыруды сезінген сәттен бастап өз мінез-құлқына баға қоя бастайды. Біз бұған неғұрлым көбірек мүмкіндік берген сайын олар өзін соғұрлым нақтырақ көре бастайды. Өзіндік бағалау үшін өзін-өзі тануға үйретуіміз қажет. Әдетте баланың «мені», психикалық жаратылысы мен процестері жеткіншек кезеңде пайда болады.
Осы кезде өзінің ішкі жан дүниесіне мұқият талдау жасап, оның ерекшеліктерін зерттей бастайды. Өтпелі кезеңде өзіндік танымның пайда болуы тән, осыдан өзіне-өзі сенімділігіне тырысушылық көрінеді. Бұдан ары жасөспірімділікке қарай өзі-өзіне талдай жасай алады және өзінің өмірлік жоспарын құра алады.
Л.И. Божович және Л.С. Славина жоғары өзіндік бағалау және тартымдылық қандай да бір іс-әрекеттің шындық жетістігі негізінде қалыптаспайтынын, оған айналасындағылардың берген қате, жоғары бағасы негізінде қалыптасатынын айтады. Жеткіншектік кезеңдегі негізгі психологиялық өзгерістер баланың өзіндік ішкі әлемінің ашылуымен, оның күрделілігімен байланысты. Өзіндік бағалаудың және «Мен» бейнесінің қалыптасуы жеткіншектік кезеңнің негізгі психологиялық процестері және оның негізгі жетістіктері болып табылады.
Жеткіншек тұлғасының дамуындағы маңызды сәттердің бірі – оның өзіндік санасының, өзіндік бағалауының, өзін тұлға ретінде тану қажеттілігінің қалыптасуы. Жеткіншектік кезеңде балада өзіне, өзінің ішкі жан-дүниесіне, дербес тұлғалық сапаларына және басқа құрбыларымен өзін салыстыруға деген қажеттілік туындайды. Ол өзіне мән беріп, өзінің күшті және әлсіз жақтарын анықтауға тырысады. Өзіндік санаға деген қажеттілік өмірден, тәжірибелік іс-әрекеттен туындап, ересектер тобының талаптарымен анықталады. Жеткіншектің өз мүмкіндіктерін бағалау қажеттілігі оның ұжымда өз орнын табуға деген әрекеттің негізінде туындайды.
Кейде барлығы жеткілікті, тәрбиелі, толыққанды отбасынан шыққан балалардың өзі қалыптасқан шекараны бұзып, теріс жолға қарай бұрылып кетіп жатады. Мұндай жағдайға көп ретте ата-ана кінәлі. Себебі ата-аналардың көпшілігі жұмыс, шаруа деп жүріп өтпелі шақта жүрген баласының қандай мәселелері бар екенін, не мазалап жүргенін байқамайды. Баланың бойындағы, мінезіндегі өзгеше қылықтарға мән бермейді. Дәл осы шақта ата-анасынан қолдау таппаған бала түрлі әрекетке баруы мүмкін.
Қандай жас өтпелі кезең деп саналады?
7 жас. Өтпелі кезең негізінен бірінші сыныпқа баратын кезден басталады. Дәл осы жаста миидың осы уақытқа дейін ұйқыда жатқан кейбір құрылымдары оянып, жаймен жыныстық гормон өндіре бастайды. Ал ол өз кезегінде дененің және көңіл күйдің өзгерісіне әсер етеді.
15-17 жас – ең қиын кезең. Бұл уақытта жыныстық гармон жетіліп, физикалық жағынан дамиды. Қыздарда гормонды өзгерістер ер балаларға қараған 1–2 жыл ерте басталып, 3 жылға созылады. Ер балаларда 4 жыл уақытта алады.
Бастапқы кезеңде жасөспірім тек бүгінгі күнмен өмір сүреді. Көңіл-күйлері құбылмалы болатындықтан, күйзеліске ұшырау жиі кездеседі. Олардың ортасы кеңейе бастайды: отбасы мен жақын достарынан бөлек, жаңа адамдармен тілдесуге құштарлығы артады.Бұл кезеңнен сабырлы өтіп кету қиын. Ең үлкен қауіп – суицидке бару. Әрине алып-ұшып өмірі енді ғана басталған шақта өзін-өзі өлімге қию қиын. Мұндай қадамға бару үшін үлкен себеп болуы керек және ол себеп кеше бүгін пайда болмайды. Ол жылдар ішінде ішке жиналып жатады. Сондықтан әрбір-ата ана және мектеп бұл кезеңде балаға мұқият болғаны дұрыс.
21 жас. Балам 18-ге толды, өтпелі кезең артта қалды деп еркінсуге болмайды. Мамандардың пікірінше өтпелі кезеңнің соңы 21 жас. Бұл жаста адамның ойы толығып, өз-өзін тоқтата алатындай дәрежеге жетеді екен.
Өтпелі кезеңді бірден өткізіп тастау мүмкін емес. Оны еңсеру ата-анаға да балаға да оңай түпейтіні анық. Сондықтан ата-ана балаға үнемі жақын болу керек, өтпелі кезеңдегі кез-келген ұсақ-түйек іс-әрекет пен мінезіндегі өзгерістерге мән бере қараған дұрыс.
Өтпелі кезең ерекшеліктері:
Бұл уақытта жасөсіпірім екі жақтан түсетін күшті қатар алып жүруге мәжбүр. Бірінші гормондар ойнаса, екінші жағынан олар психологиялық жетілу кезеңінен өтеді. Өтпелі кезеңде орын алатын өзгерістер мынадай:
• Олар өзге біреудің ықпалымен бұрыс шешім қабылдауға қабілетті.
• Олардың есте сақтау қабілеті нашарлайды. Сондықтан, оқу үлгерімі де нашарлауы әбден мүмкін.
• Жазалау әдісі оларға кері әсірін тигізеді.
• Олар «нағыз» өздерін іздеумен болады. Сондықтан, шашын бояу, тату жасату, ашық киіну секілді нашар қылықтар шығаруы мүмкін.
Өзіне зиян келтіру
Бір қарағанға қарапайым, тырнағын тістелеу, ауырған жерлерін шұқылау секілді қарапайым әдеттер, іс жүзінде үлкен бір мәселенің белгісі болуы мүмкін. Бұған ата-ана бірден назар аударғаны жөн. Психолог мамандардың пікірінше бала ішіндегі қиналысын жасыру үшін өзін физикалық тұрғыдан қинап көреді. Сондай-ақ баланың спорттық жарақат көп алатын түріне қызығуы да тегін болмауы мүмкін.
Зиянды әдеттердің пайда болуы
Тағы бір қауіпті дабылдың бірі – баланың зиянды әдеттері. Егер бала темекі немесе алкаголь сынды зиянды нәрселерді жиі тұтына бастаса, демек ол әдейі, саналы түрде өз ағзасын улағысы келеді. Бала сол улану арқылы өзін мазалаған мәселелерден арылғысы келеді.
Хоббиінің болмауы
Өтпелі кезеңнің маңызды ерекшеліктерінің бірі баланың хоббиінің болуы. Егер баланың сағаттап уақытын алатын өзінің қызықты ісі болмаса, онда ата-ананың бұған көңіл бөлгені жөн. Өтпелі кезеңдегі балалардың күш-қуаты тасып тұрады. Сондықтан егер баланың ештеңеге қызығушылығы болмаса, демек онда қандай да бір мазасын алған мәселе бар болғаны.
Оқу үлгерімінің нашарлауы
Баланың үлгерімінің нашарлығы кез-келген ата-ананы бірден алаңдатуы керек. Кейде ақылды, оқымысты балалардың өзі ата-ана назарын өзіне аудару үшін әдейі үлгерімін нашарлатады. Кейде балалар ата-ананың немқұрайылығынан гөрі ұрысқанын, ақыл айтқанын дұрыс көреді. Егер жасөспірімнің сабағы аяқ астынан нашарлап кетсе, оны не мазалап жүргені турасында сөйлесу қажет.
Жалғыздық
Достарының болмауы – бұл да дабыл қағуға тұрарлық себеп. Егер жасөспірімнің достары болмаса немесе ешкіммен араласқысы келмесе, өзгелер ортасына қоспаса, онда себепті сырттан, өзгелерден емес баланың бойынан іздеу керек.
Жанашырлықтың болмауы
Егер жасөспірім қатарластарына дөрекі сөйлей бастаса, үйдегі жан-жануарларға қатыгездік танытса, демек баланың жүйкесі шаршай бастаған. Мамандар баланың мұндай әркетке баруы көп ретте шизофрения ауруының бастамасы болуы мүмкін деп топшылайды.
Енжарлық
Жасөспірім шақта балалар өздерін ерекше көрсетіп қалуға тырысады. Егер баланың бойында енжарлық пайда болып, айналасына бей-жай қарайтын болса, демек мұның үлкен себебі бар. Ол себепті ата-ана баламен бірге отырып шешуі керек. Бала тек тірлік істеуде ғана емес, киіміне де, тамағына да мән беріп қарамайтын болады. Сондықтан мұндай кезде ата-ана баламен сөйлесіп, мәселені анықтап шешкені дұрыс.
Көңіл-күйінің бірден құбылуы
Бірден айғайлап кету немесе себепсіз ыржың, күлкі, өзін –өзі ұстай алмауы, дөрекілік – мұның бәрі көптеген жасөспірімдерге тән дүние. Психолог мамандардың пікірінше көңіл күйдің бірден құбылуы дұрыс емес. Сондықтан жасөспірімнің мұндай жағдайын байқаған ата-ана онымен міндетті түрде сөйлескені жөн.
Дұрыс тамақтанбау
Егер бала бірден тамақ ішуді азайтса немесе кеісінше алына келгеннің барлығын жей берсе, тіпті қосымша тамақ сұрайтындай болса, онда ата-ана бұған назар аударғаны дұрыс. Бұған кез-келген жағдай немесе болмашы сөз себеп болуы мүмкін. Мысалы «сен тым толықсың» деген сөзді құрбыларынан естіген жасөспірім қыз тамақты мүлде және бірден азайтып асқазан ауруына ұшырауы мүмкін.
Ұйқысының дұрыс болмауы
Ата-ананы баланың ұйқысының бұзылғаны ойландыруы тиіс. Егер бала күндіз себепсіз ашуланып жүрсе, оны таңертең ерте тұрғызу мүмкін болмаса немесе күніз үнемі шаршаңқы кейіпте жүрсе, мұның барлығы ұйқының бұзылуынан орын алады. Ал ұйқысыздыққа себеп болатын физиологиялық өзгеріс немесе күйзеліс, сондай –ақ жүйке жүйесі ауруының бастамасы болуы ықтимал.
Бала өтпелі кезеңнен ойдағыдай өтуі үшін ата-ана және мектеп қалай көмектесе алады?
Ата-ана, мектеп және үйдің үлкендері баланың жетістігін, жақсы қасиетін айтып, оның бойындағы сенімділікті оятуы қажет. Өйткені сенімді бала әрдайым ашық, батыл болады. Кез келген ортада өзін сенімді ұстайды. Ата-ана баламен сөйлесіп, өзінің басынан өткен оқиғаларын, қызығы мен қиындығын әңгімелеп беруі керек. Сол кезде бала мұндай нәрсенің өзінің басынан ғана өтіп жатпағанын, ата-анасының да, басқалардың да мұндайды бастан кешкенін және оның өтпелі екенін түсінеді. Мұндай кезде ата-ана өте сезімтал әрі жауапты болуы керек. Баланың басындағы жағдайды олар сезіп қана қоймай, оған көмек беруге ұмтылуы қажет. Бірақ баланың намысына тиіп, абыройына нұқсан келтіруге болмайды. Бала өзінің басындағы проблеманы үлкендерге бірден айта қоймайды. Сондықтан оны түрлі тәсілмен сұрауға болады. Баламен шынайы дос болып, оның құпияларын сақтау қажет.
Өтпелі кезеңнен қашып құтылу мүмкін емес. Егер бала есейген сайын ата-анадан алшақтай бастаса уайымдаудың қажет жоқ. Бұл – қалыпты құбылыс. Сондықтан балаға еркіндік сыйлап, өз бетімен өмір сүруге дайынған дұрыс.
Баланың хоббиіне қызығушылық таныту
Егер жасөсіпірм ата-анасымен қызығушылықтары туралы сөйлессе, қуанған жөн. Демек, гормонды өзгерістерге қарамастан олардың арасында байланыс сақталып қалған. Бұл уақытта ата-ана барынша баланың хоббиі мен таңдауына сыйластық білдіргені дұрыс.
Сынға алмау
Күн сайын өзгеретін баланың «жаңа» денесіне сын айтудан аулақ болу керек. «Иығың үлкен», «аяғың жалпақ», «толып кетіпсің» деген сөздер баланың бүгіні мен болашақ өміріне қатты әсер етеді. Олар өзін қабылдай алмайды. Өзгелермен салыстыру арқылы ата-ана баланың сенімін жоғалтып алады.
Сұрақтар және кеңестермен мезі етпеу
Шектен тыс өбектеу, орынсыз кеңестер мен бітпейтін сұрақтар жасөспірімнің шамына тиеді. Егер сұраққа қалай болса, солай жауап берсе, тілдесу әдісін өзгерту керек.
Балаға өз ойын толық жеткізуге мүмкіндік беру арқылы онымен дұрыс қарым-қатынасты сақтап қалуға балады. Жасөспірім шақта онымен ересек адамдарша ақылдасу, сөйлесу болашақта өз жемісін береді.
Қорыта айтқанда қалай болған күнде де жасөспірімдік шақтың өтпелі кезеңі олардың өмірінде өшпес із қалдырады. Олардың есейіп, біздің орнымызды басқан кездегі өмірлерінің саналы да бақытты болу – болмауы осы жасөспірім кездерінде алған тәрбиесіне, оның дұрыстығы мен бұрыстығына байланысты.
Д.ОСПАНОВА,
«С.Ысмайылов атындағы №5 жалпы орта мектебі» КММ-нің педагог-психологы.
Сарыағаш ауданы.