26/11/2024

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға қалай беруіме болады?

Әдепкіде зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылады. 2021 жылдың қаңтарынан бастап БЖЗҚ салымшыларында зейнетақы активтерін басқару стратегиясын таңдау мүмкіндігі пайда болды.

 

Бастапқыда инвестициялық портфельді басқарушы (ИПБ) ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын немесе сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқаннан кейін зейнетақы шотында қалған жинақтарды ғана бере алатын. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап инвестициялық мүмкіндіктер кеңейді: енді БЖЗҚ салымшылары өз жинақтарының 50% мөлшерін міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен, сондай-ақ, ерікті зейнетақы жарналарының 100% мөлшеріне дейін жеке компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады. Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізімін  enpf.kz сайтынан табуға болады. Мұнда сондай-ақ, ИПБ инвестициялық стратегиялары, ай сайынғы шолулар және инвестициялық қызметтерінің нәтижелері орналастырылған. Сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдамас бұрын сіздерге  осы ақпаратпен мұқият танысуға кеңес береміз.

Ақшаны ИПБ сенімгерлік басқаруына аудару үшін (сондай-ақ, ҚРҰБ-ның басқаруына немесе жеке басқарушы компаниялар арасында қайтару үшін) зейнетақы жинақтарын белгілі бір нысанда аудару туралы өтініш беру қажет. Мұны электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесінде (өзіңізбен бірге жеке басты куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар қызметінен электрондық құжат болуы қажет)  жасауға болады.

Бұл ретте БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының, оның ішінде инвестициялық кірістің есебін жүргізуді жалғастырады. Салымшылар  жеке кабинетінде зейнетақы шотынан алынған үзінді көшірмеде ИПБ өздері үшін қанша ақша тапқаны туралы ақпаратты көре алады.

Инвестициялық қызметтің нәтижелерін орта және ұзақ мерзімді перспективада бағалау ұсынылады. Сондықтан жинақтарды бір ИПБ-ден екіншісіне немесе қайтадан ҚРҰБ-ның басқаруына жылына бір реттен жиі емес талаппен аударуға болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар