Әлеуметтік Кодекстің нормаларына сәйкес жұмыс беруші БЖЗҚ-ға төмендегі тұлғалар үшін ЖМЗЖ төлеуден босатылады:
— 1975 жылғы 1 қаңтарға дейін туған адамдар;
— Әлеуметтік кодекске сәйкес зейнет жасына толған адамдар;
— егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
— әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киім кию құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар;
— зейнетақы төлемдерін еңбек сіңірген жылдары үшін алушылар;
— Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген лауазымда болу мерзімінің өтуіне байланысты өкілеттіктері тоқтатылған, ай сайынғы өмір бойы қамтуды алатын Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының судьялары, ай сайынғы ақшалай қамтуды алатын отставкадағы судьялар.
Әлеуметтік Кодексте жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын тек өз қаражаты есебінен төлеу міндеті нақты айқындалғанын қосымша хабарлаймыз. Салымшылар жарналардың осы түрінің түсуін жарналардың барлық түрлері бойынша ақпарат берілетін жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмеден көре алады.
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын уақытылы және толық төлеуін бақылау Мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) жүктелген. Жұмыс беруші жоғарыда көрсетілген нормаларды бұзған жағдайда, қызметкерге МКК-ге жүгіну керек.