ҚР Әділет министрлігі іске қосқан робот сот орындаушы бүгінге дейін 1,2 млрд. теңге сомаға 60 мыңнан астам атқарушылық іс қозғады. Осының нәтижесінде ел азаматтары жеке сот орындаушыларының қызметіне төленетін төлемнің 25%-ын төлеуден босатылып, 300 млн теңгесін үнемдеді. Бұл жүйе азаматтарға жыл сайын 5 млрд. теңгеге жуық қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес азаматтардың қарыз жүктемесін азайту және Әділет органдарының жұмысын одан әрі цифрландыру мақсатында заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді.
ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевқа және Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакировке Digital Justice жобалар топтамасын, оның ішінде «робот сот орындаушының» жұмысын таныстырды.
Айта кететіні бұрындары жеке тұлғалар хабарлама уақытылы келмегендіктен айыппұл алғанын білмей қалатын жағдайлар жиі кездесетін. Оның үстіне қарыз уақытында өтелмеген жағдайда жеке сот орындаушысына айыппұл сомасының 25 пайызын қосымша төлеуге мәжбүр болған. Енді бұл шығындардан және сот орындаушыларға барудан босатылып, уақыты мен қаржысын біршама үнемдей алады.
Осылайша, 20 АЕК-ке дейінгі сомада жеңілдетілген іс жүргізуді қозғағаннан кейін азаматтар 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар мен EGOV Mobile қосымшасы арқылы іс туралы толық ақпарат бар push-хабарламалар алады.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қарызды онлайн төлеу мүмкіндігі енгізілді. Осылайша адами факторлар толығымен жойылып, оның орнына робот жұмыс істейді.
Атқарушылық құжаттың талаптары күнтізбелік 30 күн ішінде орындалмаған жағдайда (оңайлатылған іс жүргізу бойынша) іс жеке сот орындаушысына орындау үшін беріліп, одан кейінгі атқарушылық әрекеттер жалпы тәртіпте жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, азаматтарға жеке сілтеме бойынша алынған SMS-хабарлама немесе push-хабарлама мәтіні порталында материалды жеке сот орындаушысына беру арқылы оңайлатылған атқарушылық іс жүргізу процесінен бас тарту функциясы қолжетімді екенін ескертеміз.
Естеріңізге сала кетейік «робот сот орындаушы» жобасы пилоттық режимде ең алғаш Тараз қаласында іске асырылған болатын. Қазіргі таңда жобаның тиімділігі арқасында бүкіл Қазақстан аумағында қолжетімді. Әділет министрлігі алдағы уақыттада цифрландыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыратын болады.