Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда жәрмеңке мен көрме өткізудің стандарттарын бекітті. Енді елімізде бес түрлі жәрмеңке өтеді. Дәлірек айтсақ:
мектеп құралдары, көмір, шөп сататын маусымдық жәрмеңке;
отандық тауар өндірушілерді қолдайтын белгілі бір тақырып аясындағы жәрмеңке;
қолжетімді бағада сататын ауыл шаруашылық жәрмеңкелері;
мемлекеттік мерекелерді тойлауға арналған мерекелік жәрмеңке;
бірнеше аймақ қатысатын аймақтық көрменің стандарттары бекіді.
«Әрбір жәрмеңке түріне арналған күнтізбелік кесте және өткізу мерзімі белгіленген. Мысалы, ауыл шаруашылық жәрмеңкелері аудандарда кемінде екі аптада бір рет, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда аптасына кемінде бір рет өтуі керек. Сауда орындары тегін беріледі. Шараға қатысқысы келетіндердің барлығы онлайн өтінім бере алатындай ұйымдастыру процессін цифрландыру керек. Бағалар нарықтық бағадан төмен болады», — деп хабарлады вице-министр Айжан Бижанова.