10 қыркүйекте Францияның Лион қаласында «WorldSkills Lyon-2024» халықаралық чемпионаты бастау алды. Бұл чемпионат халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және цифрлық трансформация жағдайында жұмысшы мамандықтары мен заманауи техникалық білімнің маңыздылығын арттыруға бағытталған. Мақсаты — әлемдегі техникалық мамандықтар бойынша кәсіби даярлықтың мәртебесі мен стандарттарын насихаттау.
Аталмыш чемпионатқа қазақстандық колледж студенттерінен құралған ұлттық құрама да қатысты. Тарихта тұңғыш рет ұлттық құрама Француз қаласы Лионда өткен 47-ші WorldSkills халықаралық чемпионатында 7 медальон жеңіп алып, үлкен жетістікке қол жеткізді. Біздің еліміздің намысын 30 құзыреттілік бойынша 32 қатысушы және 30 халықаралық сарапшы қорғады. Олардың қатарында Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің «Сән-технологиясы» факультетінің студенті Әйгерім Досова да бар. Ол чемпионатта «Сән-технологиясы» құзіреттілігі бойынша медальон жеңіп алып, жоғары көрсеткішке ие болып, топ жарды.
Айта кетейік, Әйгерім «WorldSkills Kazakhstan -2022» ұлттық чемпионатының І орын иегері.
Халықаралық чемпионатқа 70 мемлекеттен 1500-ге жуық колледж студенті қатысып, 62 түрлі кәсіби шеберлік бойынша бақ сынады.