ҚР Парламентінің Мәжілісіне «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы таныстырылды. Заң жобасы 4 тараудан және 15 баптан тұрады.
Заң жобасының негізгі новеллалары:
- Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру;
- Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлерінің шығындардың бір бөлігін бюджеттен өтеу;
- Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау. Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан 100 метр қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді;
- Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға ЮНЕСКО-мен келісім бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында жаңа құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде қала құрылысы жобалары бойынша жаңа құзырет беру.
- Мемлекеттік әлеуметтік объектілерді салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша Түркістан қаласы әкімдігіне құзырет беру.