Қазір елімізде атом электр станциясын салу мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бірі атом станциясын салуды қолдаса, енді бірі қауіп қылады. Сондықтан да ел Президенті бұл мәселені дауысқа салып, референдум арқылы шешуді ұсынған еді.
Ресми деректерге жүгінсек, Қазақстанның қазіргі энергетикалық балансы әлі де көмірге тәуелді. Бұл елдің экономикалық дамуына кері әсер етіп қана қоймай, экологиялық тұрғыдан да үлкен қауіп төндіруде. Елдегі электр энергиясының 57%-ы көмірден, 29%-ы табиғи газдан өндіріледі, ал жаңартылатын энергия көздеріне небәрі 13% тиесілі.
Қазіргі таңда әлемдік нарықтағы мұнай және газ бағасының тұрақсыздығы, осы шикізаттық энергия көздерінің табиғи қорының жылдан-жылға күрт азаюы адамзатты басқа балама қуат көздерін іздеуге мәжбүрлеп отыр. Осы жолда жаһандық экономика басқа баламалы қуат көздерінен әлдеқайда тиімді атом энергетикасына басымдық береді.
Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында да 2030 жылға қарай елімізде электр энергиясы тапшылығы туындайтынын айта келе, мұның ең оңтайлы шешімі – бейбіт атом саласын дамыту жолдарын қарастыруды тапсырған болатын.
Электр энергиясы – бүгінгі өмірдегі басты қажеттілік. Бүкіл әлем осы энергияның нәтижесінде жұмыс істейді. Адамзат сұранысына қажетті энергияның басым бөлігін қазір мұнай мен көмірден алып жатырмыз. Бұл табиғи шикізат көздерінің қоры енді 60-70 жылда сарқылады деген болжам бар. Ал табиғи қоры төрт мың жылға дейін таусылмайтын энергия көзі – уран, атом энергиясы. Ал, Қазақстанда бейбіт атом өнеркәсібін дамыту үшін барлық алғышарттар бар. Әсіресе, елімізде атом энергетикасының басты қозғаушы күші саналатын уранның мол қоры бар. Қазақстан бүгінде әлемде уран өндіру бойынша бірінші орында тұр.
Сонымен қатар, атом энергиясы – «жасыл энергия». Болашақта адамзаттың электр энергиясына деген жоғары сұранысты атом электр стансалары ғана қанағаттандыра алады. Сондықтан атом электр стансасын салып, ядролық технологияны жетік білетін мамандар тәрбиелеген елдің жұлдызы жоғары, табысы толайым болмақ.
Біз қай кезеңде де бейбітшілікті қолдап-қуаттайтын елміз. Бейбіт атом өндірісі – бейбіт болашақтың кепілі. Президент атап өткендей, алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ.
Алдағы референдумда халқымыз елдің жарқын болашағы туралы маңызды шешім қабылдайды. Сондықтан, саяси тұрғыдан дұрыс шешім қабылдау – еліміздің әрбір азаматының азаматтық борышы!
Бауыржан БАТЫРБЕК,
кәсіпкер.
Шымкент қаласы