Халықты жұмыспен қамтуда еңбекақысы субсидияланатын жұмыс орындарының орны айрықша. Мемлекеттік бағдарлама арқылы қазір елімізде «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Күміс жас» және «Ұрпақтар келісім шарты» жобалары жүзеге асып жатыр.
2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жыл басынан бері 5 798 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан.
Аталған жобалар арқылы жұмысқа орналасқан азаматтардың айлық еңбекақысы жұмыс берушілер емес, мемлекет тарапынан өтеледі. Яғни, жұмыс берушілер мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар туралы мәліметті Еңбек мобильді орталығына жолдап, айлық жалақы Орталықтан өтеледі.
Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінімдер барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдардан қабылданады. Бағдарламаға бір жылдан астам уақыт жұмыс істейтін, тұрақты түрде салық және басқа да әлеуметтік төлемдер жүргізетін, еңбекақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ жұмыс берушілер қатыса алады.
Қоғамдық жұмыстар – халықты жұмыспен қамту орталығы ұйымдастыратын, қызметкердің алдын-ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейтін, 1 ЕТЖ-дан төмен емес еңбекақыны субсидиялай отырып, 12 айдан аспайтын кезеңге әлеуметтік пайдалы бағыты бар еңбек қызметінің түрі.
Әлеуметтік жұмыс орны жұмыс беруші тарапынан жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін құрылады, олардың арасында тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардың мүшелері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған адамдар басымдыққа ие. Бұл ретте еңбекақыны мемлекет субсидиялайды (35%-ға дейін).
«Жастар практикасы» бағдарламасы ол үш жыл бұрын диплом алған, жұмыс тәжірибесі жоқ 29 жасқа дейінгі жоғары оқу орындарының түлектері арасында жүзеге асырылады. Өту ұзақтығы – алты ай. Еңбекақы 25 АЕК-ке дейін субсидияланады.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектерді жұмысқа орналастыруға арналған; 29 жастан аспаған және жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастар қатыса алады. Бірінші жыл ішінде еңбекақыны субсидиялау көлемі – 20 АЕК-ке дейін.
«Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы да жастарға арналған, онда жас маман зейнет жасына жетіп, еңбек демалысына шыққан маманды алмастыруға дайындалады. Алты ай ішінде еңбекақыны субсидиялау көлемі – 20 АЕК-ке дейін.
«Күміс жас» мемлекеттік бағдарламасы — зейнеткерлік жасқа жақындаған азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Оған 50 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Жалақыны субсидиялау мерзімі: 36 айдан аспайды. Бірінші жылы — жалақының 70%-ы, екінші жылы жалақының — 65% -ы, үшінші жылы жалақының 60% -ы субсидияланады. Бірақ субсидияланатын жалақы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс.
Шымкент қалалық «Еңбек мобильдігі орталығы» жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға ең алдымен субсидияланатын жұмыс орындарын ұсынады. 2023 жылы 8 430 адам субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылып, жоспар асыра орындалған. Атап айтқанда, 292 адам – «Әлеуметтік жұмыс орындары», 2 566 адам – «Жастар практикасы», 2 884 азамат – «Қоғамдық жұмыстар», 1 852 азамат – «Алғашқы жұмыс орындары» 23 адам – «Ұрпақтар келісім шарты», 811 адам «Күміс жас» жобасы аясында жұмыс орындарымен қамтылған.
Ал, 2024 жылға Шымкент қаласында биыл субсидияланатын жұмыс орындарына 7 453 адамды қамту жоспарланып, алғашқы үш айда 4 288 адам жұмысқа жолданды. Атап айтқанда, «Әлеуметтік жұмыс орындарына 138 адам, жастар практикасы 605 адам, ақылы қоғамдық жұмыстар – 1 940, «Алғашқы жұмыс орындары» жобасымен — 897, «Ұрпақтар келісім шарты» арқылы – 7, «Күміс жас» жобасымен 689 адам жұмысқа орналасты.
Осы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жыл басынан бері 5 798 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан. «Жастар практикасы» бойынша 1 464 жас маман жұмысқа жолданып, 1 143 жас «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына қатысып жатыр.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзеге асыруда Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі» орталығына қарасты бес аудандық «Мансап» орталықтары тұрғындармен етене жұмыс істеуде. Мамандар тұрғындармен кездесіп, үнемі бос жұмыс орындарымен таныстыру барысын жүргізуде. Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар түсіндіріліп, жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылуда. «Мансап» орталықтарының басты міндеті жұмыссыздарды тіркеп, оларға жұмыс іздеуде және мансабын жоспарлауда көмек беру болып есептеледі.
Осы ретте ескерте кететін жәйіт, барлық жұмыс берушілерге қазіргі кезде қолайлы автоматтандрылған «Enbek.kz» порталы бойынша азаматтарды жұмысқа қабылдау жүйесі жұмыс істейді. Аталған порталға жұмыс беруші өзінде пайда болған бос жұмыс орындарын енгізе алады. Ал, жұмыс іздеушілер бүкіл республика бойынша бос жұмыс орындарымен танысып, өзіне қолайлы, әрі лайықты жұмыс берушілермен тікелей байланысқа шығып немесе жұмыс беруші резюмелерді карап отырып біліктілік талаптары сәйкес келетін мамандармен тілдесіп, жұмысқа қабылдау мүмкіндіктері қарастырылған.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 30 маусымдағы № 224 бұйрығымен субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан адамдардың жалақысын субсидиялау қағидаларына өзгеріс енгізілді.
Мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқан азаматтардың айлық жалақысы Еңбек мобильдігі орталығының мәлімет ұсынуымен, «Азаматтарға арналған мемлекеттік корпорациясы» комерциялық емес ұйымы тарапынан өтеледі. Осыған орай, азаматтардың айлық жалақысы кезекті айдың 10-нына дейін төленеді.
Атап өтерлігі, бұл бағдарламалар Шымкент қаласында жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне ықпал етуде. Ұлттық статистика бюросының ресми дерегіне жүгінсек, 2024 жылғы II тоқсанда жұмыссыздар саны 22,4 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшіне қарағанда 4,8% болған.
Ал, 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны төмендеп, 15 020 адамды құрады немесе жұмыс күшінің санына 3,2% болып қалыптасты.
NARKESKEN.KZ