Қоғамда істі болған азаматтарға жұмыс табу өте қиын. Осы кезде пробация қызметі мұндай адамдарды қоғамнан шеттетпей, оларды барынша қоғамға қайта бейімдеп, оң мінез-құлқын қалыптастырып, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді. Пробация қызметі борышкерлер мен арнайы есепте тұрған азаматтарды нәтижелі, әрі тұрақты жұмыс орындарымен қамтып, жұмыс берушілерге қажетті маман таңдауға жағдай жасауды көздейді. Шымкентте осы бағытта Еңбек мобильдігі орталығы мен қалалық прокуратураның бірлесе жыл басынан бері 3 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Жәрмеңкенің жәрдемі көп
Бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне пробация қызметі есебінде тұрған, мемлекетке берешегі бар және бас бостандығынан айыру мекемелерінен босап шыққан азаматтар қатысты.
Пробация қызметі есебінде тұрған С. есімді азамат осындай жәрмеңкелердің маңызы зор екенін айтады.
«Көп мекеме жұмысқа қабылдаудан алдын сотталмағаны туралы анықтама сұрайды. Біздің пробациялық есепте тұрғанымызды білсе, бірден жұмысқа қабылдаудан бас тартады» дейді ол.
Шымкентте биылдыққа істі болған азаматтарға арналған алғашқы жәрмеңке 23 ақпанда өтіп, оған 120 жұмыс беруші мекеме техникалық, жеңіл өнеркәсіп және қызмет көрсету салалары бойынша 2000-ға жуық жұмыс орнын ұсынды, оның 1500-і – тұрақты жұмыс орны.
Бұл күнгі жәрмеңкеге 25 жұмыс беруші, мемлекетке берешегі бар, алимент өндіру бойынша 125 тұлға және пробация есебінде тұрған 83 азамат қатысты.
Ал, 3 сәуірде ұйымдастырылған жәрмеңкеде 20-дан астам жұмыс беруші жеңіл өнеркәсіп, өндіріс, қызмет көрсету және коммуналды шаруашылық салалары бойынша 1000-нан астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Ұсынылған жұмыс орындарының айлық жалақысы 95-300 мың теңге аралығында болды. Келушілердің көбі жоғары айлық жалақысы бар жұмысқа орналасуға ниетті екенін, сонда ғана мемлекетте қарыз берешігін төлей алатынын айтты.
Сол күнгі жәрмеңкеде Б. есімді азамат «Альянс Траст» ЖШС-не қарапайым жұмысшы ретінде жолдама алды. Компанияның ай сайынғы төленетін жоғары айлық жалақысы көңіліне қонған.
– Бұған дейін түрлі құрылыс компанияларында жұмысшы болып істеп келдім. Бүгінгі жәрмеңке арқылы айлық еңбекақысы жоғары болған жұмыс тапқаныма өте қуаныштымын. Ең бастысы отбасымды асырауға және мемлекетке төлейтін қарызты өтеуге жетеді екен, – дейді ол.
Үшінші рет ұйымдастырылған жәрмеңкеге 10 жұмыс беруші қатысып, одан басқа 63 мекемеден коммуналдық-шаруашылық, техникалық, жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету салалары бойынша мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылды. Оның ішінде пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту квотасына қатысушы 4 мекеменің 20 тұрақты бос жұмыс орны да бар.
Нәтижесінде, жәрмеңкеге 25 адам қатысып, 10 адам тұрақты жұмыс орындарына жолдама алды. Оның ішінде 7 адам квотада белгіленген жұмыс орындарына жолданды. Қалған азаматтар жәрмеңке барысында халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер алды.
Жәрмеңке арқылы тұрақты жұмыс орынан жолдама алған Б. есімді азамат ресми түрде тіркеліп, жұмыс істеуге ниеттенген адамға мүмкіндік көп екенін айтады.
– Сотты болғанымызды есіте салысымен бірден бізге деген көзқарас өзгереді. Жәрмеңкеге қатысып, мекемелерде біз секілді адамдарға мемлекеттен жұмыс орындары квотасы бар екенін есіттім. Бұл мүмкіндікті оңды пайдаланып, тұрақты жұмысқа жолдама алдым. Айлық жалақысы да көңілге қонымды. Жалпы, ресми түрде жұмыс істеген адамға көп мүмкіндік бар. Ипотека арқылы тұрғын үй алуға, емхананың қызметін қолдану секілді мүмкіндіктерге ие болады. Алда жоспарым өте көп. Өзімнің жақсы маман екенімді көрсетуге барымды саламын, – дейді атын атаудан бас тартқан кейіпкеріміз.
Істі болғандарды жұмысқа қабылдағандарға жеңілдік бар
Жазаны өтеген немесе бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдарға көмек көрсету үшін елімізде түрлі шаралар ұйымдастырылады
Біріншісі – жұмыспен қамту бағдарламалары. Бұл – жергілікті атқарушы органдар мен жұмыспен қамту орталықтары арқылы іске асырылатын бағдарламалар. Мұндай бағдарламалар азаматтардың кәсіби дағдыларын дамытуға, қайта оқыту курстарынан өтуіне және жұмысқа орналасуына көмек көрсетеді.
Екіншісі – қайта даярлау курстары. Бұл бұрынғы сотталғандарға немесе борышкерлерге жаңа мамандықтарды игеруге мүмкіндік береді. Мұндай курстар арқылы олар сұранысқа ие кәсіптерді меңгеріп, жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады.
Үшіншісі – әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту. Мемлекет тарапынан әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау арқылы осындай азаматтарды жұмысқа тарту мүмкіндігі бар. Әлеуметтік кәсіпорындар көбіне осал топтар үшін жұмыс орындарын ұсынады.
Төртіншісі – алимент қарызы бар борышкерлерге қолдау көрсету. Оларды жұмыспен қамту арқылы алимент төлемдерін уақытылы орындауға көмектеседі. Жұмыспен қамту орталықтары мен пробация қызметі бірлесе отырып, борышкерлерге тұрақты табыс көзін табуға жәрдемдеседі.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында мұндай азаматтарды жұмысқа қабылдаған жұмыс берушілерге салықтық жеңілдіктер мен басқа да ынталандырулар берілуі мүмкін.
Жалпы, бұл шаралар азаматтарды қоғамға қайта бейімдеп, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға көмектесуге, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған.